Грант негізінде докторантураны тәмамдаған PhD мамандары енді мектептерде және өзге де білім беру ұйымдарында жұмыс істеп, міндетті өтеу мерзімін өтей алады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп Arasha.kz тілшісі dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, бұған дейін мемлекеттік грантпен білім алған докторанттар оқуын аяқтаған соң жоғары оқу орындарында, ғылыми институттарда немесе мемлекеттік органдарда еңбек етуге міндетті еді. Ал мектепте атқарған жұмысы міндетті өтеу мерзіміне есептелмейтін.
Енді бұл шектеу алынып тасталды. Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, Мәжіліс депутаттары ұсынған түзетулер заң жүзінде бекітілді.
"Мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарына терең білімі бар PhD докторлары өте қажет. Алайда бұрынғы қатаң талап жас мамандардың мектепке баруына мүмкіндік бермеді. Біз осы кедергіні алып тастадық", – деді депутат.
Оның айтуынша, жаңа өзгеріс орта білім беру ұйымдарын білікті кадрлармен толықтыруға жол ашады. Сонымен қатар докторантура түлектеріне таңдау еркіндігі беріледі.
Енді PhD мамандары тек жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерде ғана емес, мектептерде де жұмыс істеп, міндетті өтеу мерзімін өтей алады.