Блогер Juzzefina әлеуметтік желідегі тікелей эфирі үшін 10 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ол эфирде әкесінің оны бала кезінде зорлағанын айтқан.
Алматы полициясы видеода айтылған ақпарат бойынша тексеру жүргізген. Контент авторы мен ата-анасынан жауап алған. Нәтижесінде құқыққа қайшы әрекеттер туралы ақпарат расталмаған.
Сонымен қатар видеода блогер тыйым салынған заттарды қолданғанын көрсеткен. Медициналық тексеріс блогердің есірткі заттарын қолданғанын растады.
Нәтижесінде сот блогерді 10 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды.
Айта кетейік, блогер өткен өміріндегі ауыр кезең туралы алғаш рет ашық айтты. Танымал блогер Instagram сторисінде 2018 жылы қаржылық қиындыққа тап болып, жұмыс іздеп, жақындарынан көмек сұрағанымен қолдау көрмегенін жазды.
Оның сөзінше, сол кезде күнкөріс қамымен вебкам саласына барған. Алайда бұл жағдай кейін көпшілікке тарап кетіп, блогер жылдар бойы сын мен мазақтың нысанына айналған. Жүзефина ақпараттың таралуына өзімен бірге оқыған таныстарының бірі себеп болғанын айтып, осы күнге дейін кибербуллингке ұшырап келе жатқанын жеткізді.