"Анамның күшін әлі сеземін": Мәдина Ералиеваның ұлы қаралы хабарды қалай естігенін айтты

Бүгін, 10:43 / Arasha.kz
Malim.kz коллажы. Суретте: Мәдина Ералиева

Марқұм әнші Мәдина Ералиеваның ұлы Арсен Ералиев анасының қазасы туралы қаралы хабарды қалай естігенін айтып берді. Ол бұл туралы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында баяндады, деп Arasha.kz тілшісі Malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Әншінің ұлы Арсен Ералиевтің айтуынша, анасының өмірден өткені туралы хабарды оған Нағима Есқалиева мен анасының достары жеткізген.

"2000 жылдың қараша айы әлі күнге дейін есімде. Нағима Есқалиева мен анамның достары Салман мен Алексей келіп, анамның өлімін естіртті. Басында сенбедім. Өң мен түс арасында жүргендей болдым. Үйге адамдар жинала бастады. Бүкіл әншілер, туыстар келе бастады. Сосын біз Қызылорданың Байқоңыр өңіріне чартерлік рейспен ұшып кеттік. Анамның денесін сол жерден өзім алып келдім. Әлі күнге дейін анамның күшін сеземін. Ол мені әрдайым желеп-жебеп жүреді. Уақыт өткен сайын сағына беремін", – деді Арсен Ералиев.

Бағдарламада Мәдина Ералиеваның сіңлісі Сағира Ералиева да әнші туралы естелігімен бөлісті. Оның сөзінше, Мәдина өмірінің соңғы кезеңінде кейбір нәрселерді алдын ала аманат еткендей болған.

"Мәдинаның бір қасиеті – үйге келгенде бір шыны аяқ шай ғана ішетін. Соңғы келгенде Оралмен әңгімелесіп, дастархан басында ұзақ отырды. Сосын “Мамамыздың фотосы қайда?” деді. Мен оны өзінің алып кеткенін айттым. “Өлген адамдардың фотосын сақтап қою керек екен. Жерге тастамашы” деді. Сол кезде-ақ маған өзінің фотоларын табыстаған екен. Одан кейін Құран кітабын сыйлап, мешітке жиі баруымды өтінді", – деді Сағира Ералиева.

Оның айтуынша, Мәдина Ералиева жақындарының Құран оқып, дұға жасағанын ерекше бағалаған.

"Мешіттен келе жатырмын" десем, қатты қуанатын. Артынан Құран оқитын адамды дайындаған болып тұр. Арсенге біреу қатты дауыс көтерсе, ренжіп қалатын. Соңғы сапары Қызылорда өңіріне жолға шығайын деп тұрғанда, көмекшісі бола тұра, "Мені үйден күтші” деді. Бұрын олай айтпайтын. Бірақ мен бармай қалдым. Өлімін өз үйімде отырып естідім", – деді ол.

Мәдина Ералиева қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасы бар әнші ретінде халық жадында қалды. Оның орындауындағы әндер әлі күнге дейін тыңдарман жүрегінен орын алып келеді.

Тэгтер:

Мәдина Ералиева