Ұлыбританияда Temu мен Shein-нен келетін сәлемдемелерге шұғыл баж салығын енгізу ұсынылды

Бүгін, 11:24 / Arasha.kz
Фото: depositphotos.com

Ұлыбритания билігі Temu, Shein, PinDuoDuo және басқа да шетелдік маркетплейстерден келетін арзан сәлемдемелерге баж салығын енгізуді 2029 жылға дейін кейінге қалдырмақ. Бұл шешім жергілікті бизнес өкілдерінің қатты сынына ұшырады. Шағын және орта бизнес өкілдері мұндай кідіріс жергілікті кәсіпкерлерді тығырыққа тіреп, елді «қауіпсіздігі күмәнді тауарлар үйіндісіне» айналдыруы мүмкін деп алаңдайды.

Қазір Ұлыбританияда бажсыз әкелуге рұқсат етілген шек бар. Құны 135 фунт стерлингтен төмен, яғни 2026 жылғы маусымдағы бағаммен шамамен 86 мың теңгеге дейінгі арзан сәлемдемелер елге баж салығынсыз кіргізіледі. Қытайлық маркетплейстер осы мүмкіндікті белсенді пайдаланып отыр. Олар Ұлыбританияға және басқа да елдерге арзан, көп жағдайда сапасы күмәнді тауарларды ұсақ сәлемдеме түрінде көптеп жеткізеді.

Ал британдық ритейлерлер тауарды көтерме түрде импорттағанда баж салығын, ҚҚС-ты, басқа да төлемдерді төлейді және сапа стандарттарын сақтау үшін қосымша шығын шығарады. Соның салдарынан барлық салығын төлеп отырған жергілікті кәсіпкерлер әу бастан-ақ тең емес жағдайда қалып отыр. Ұлыбританияда бажсыз әкелу шегін «салықтық саңылау» деп атады.

Соған қарамастан Ұлыбритания билігі бұл шекті алып тастауды тек 2029 жылға жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Үкімет мұны бажсыз режимді бірден тоқтату кеденде кідіріс пен түсініспеушілік тудыруы мүмкін деген уәжбен түсіндірді.

Алайда бизнес өкілдері реформаның кешігуі Ұлыбританияны «қауіпсіздігі күмәнді тауарлар алаңына» айналдырады деп ескертеді. The Entertainer ойыншық дүкендері желісінің бас директоры Эндрю Мерфи үкіметке British Toy and Hobby Association зерттеуін еске салды. Ол зерттеуге сәйкес, Temu мен Shein секілді онлайн-платформалардан сатып алынған ойыншықтардың 86 пайызы қауіпсіздік сынағынан өтпеген.

The Times газеті танысқан министрлерге жолдаған хатында Мерфи ұсынылған мерзімді «реформаны орынсыз кешіктіру» деп атаған.

«Ұсынылып отырған кесте шетелдік сатушыларға қатысты нарықтағы тең емес бәсекені тағы бірнеше жылға созады. Бұл кідіріс мүлде негізсіз әрі онсыз да өте күрделі экономикалық жағдайда тұрған британдық бөлшек саудагерлерге ауыр соққы болып тиеді», – деп жазды Мерфи.

Ойыншық сатушылары қауымдастығының төрағасы Джефф Шеффилд сапасыз өнім ұйым мүшелерінің бәрін алаңдатып отырғанын айтты.

«Мұндай ойыншықтар балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіріп қана қоймай, бүкіл саланың беделіне нұқсан келтіреді. Сонымен бірге адал жұмыс істеп отырған британдық ойыншық сатушыларының жағдайын әлсіретеді. Үкімет заң қабылдау процесін жеделдетуі керек. Әйтпесе Ұлыбританияның орталық көшелеріндегі дүкендер қатарынан тағы да көптеген мүшелеріміз айырылып қалуы мүмкін», – деді Шеффилд.

Британдық бөлшек сауда консорциумының атқарушы директоры Хелен Дикинсон да реформаны тездету қажет екенін айтты. Оның сөзінше, көбірек кәсіпорынды қорғау үшін билік батылырақ қадамға баруы тиіс.

«Үкімет құны төмен импорттық тауарларға арналған жаңа кеден жүйесін енгізуді кейінге шегерген әр күн – британдық бизнеске зиян келтіретін тағы бір күн. АҚШ пен ЕО бұл саңылауды жабу үшін жедел әрекет етіп жатқанда, Ұлыбритания жалғыз қалып барады. Бұл біздің нарыққа демпингтік тауарлардың одан да көп ағылу қаупін күшейтеді», – деді Дикинсон.

Шынында да, басқа елдер әлдеқайда батыл әрекет етіп жатыр. АҚШ контрафакт ағынын тоқтату және ұлттық экономиканы қорғау үшін бажсыз тауар әкелу тәжірибесін шектеді. Еуропалық одақ ұзақ мерзімді реформаларды күтпей-ақ, құны төмен сәлемдемелерге уақытша кедендік баж салығын енгізіп жатыр. Бұған қоса, Еуропалық комиссия Temu-ге заңсыз әрі қауіпті тауарларды, соның ішінде ақаулы қуаттағыштар мен балаларға қауіпті ойыншықтарды сатқаны үшін 232 миллион доллар айыппұл салды.

Айта кетейік, Қазақстанда да депутаттар шетелдік маркетплейстердің артықшылыққа ие болып отырғанына назар аударды. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев жергілікті және шетелдік маркетплейстерге түсетін салық жүктемесінің тең емес екенін айтып, наразылық білдірді. Белгілі болғандай, Қазақстанда Temu секілді шетелдік маркетплейстер тек «Google салығын», яғни ҚҚС көлеміндегі төлемді ғана төлейді. Ал жергілікті компаниялар толық салық жүктемесін көтеріп отыр. Бұл салықтық теңсіздіктің нақты көрінісін бюджетке түскен түсімдерден де байқауға болады.

«2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 86 шетелдік платформа ел бюджетіне жалпы 39 млрд теңгеден сәл астам қаржы төледі. Салыстыру үшін айтсақ, дәл осы кезеңде Қазақстандағы үш ірі маркетплейс мемлекеттік қазынаға 211 млрд теңге аударған. Бұл барлық шетелдік платформалардың жиынтық төлемінен бірнеше есе көп», – деп хабарлады «Ақ жол» партиясының сайтында.

Азат Перуашевтің айтуынша, «Google салығымен» ғана шектелу жеткіліксіз. Жағдайды өзгертіп, қазақстандық және шетелдік маркетплейстер үшін кем дегенде тең жағдай жасау қажет.

«Мен өз басым да, “Ақ жол” демократиялық партиясы да, ұлттық бизнес өкілдері ретінде еркін нарықты қолдаймыз. Бірақ ол тең жағдайдағы нарық болуы керек. Өз жерімізде, өз нарығымызда шетелдік компаниялар артықшылыққа ие болып отырса, кешіріңіз, бұл еркін нарық емес. Бұл – дискриминация. Оның үстіне өз кәсіпкерлерімізді өз нарығында кемсіту», – деді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.

Қазақстанда 200 еуроға тең бажсыз әкелу шегін алып тастау мәселесі де ара-тұра көтеріліп жүр. Алайда бұл мәселе әзірге түпкілікті шешілген жоқ. Дегенмен 2026 жылғы 1 шілдеден бастап шетелдік маркетплейстерден сауда жасау ережелері өзгере бастайды.

Тэгтер:

салық Ұлыбритания temu shein баж