Заманбек Нұрқаділовтің немересі әкесінің қазіргі жағдайын айтты

Бүгін, 13:26 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің немересі Нұрбибі Нұрқаділова әлеуметтік желідегі парақшасында отбасының қазіргі жағдайы туралы жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның айтуынша, атасы өмірден өткеннен кейін отбасы бірқатар қиындыққа тап болған. Нұрбибі әкесі Қайрат Нұрқаділовтің бүгінде 59 жасында жұмыс іздеп жүргенін айтты.

Ол бұрын отбасының жанында жүрген, араласқан адамдардың қазір сырт айналғанын жеткізді.

«Атам тірі кезінде, жоғары қызметте жүрген уақытта әкемнің телефоны бір сәтке де тыным таппайтын. Барлығы оған жақын болуға тырысатын. Әркімнің өз мүддесі болды. Айналасын жағымпаздар мен жарамсақтар қоршап жүретін. Ал қазір сол адамдардың ешқайсысы әкемнің хабарламасына жауап бермейді. Тіпті одан ешқашан көмек көрмегендей кейіп танытады», – деп жазды Нұрбибі.

Нұрбибі әкесімен сөйлескен сайын оның қазіргі жағдайына жаны ауыратынын айтты. Оның сөзінше, Қайрат Нұрқаділов бұрын өзін құрметтеген адамдардан жұмысқа орналасуға көмек сұрағанымен, көп жағдайда жауап ала алмай жүр.

«Ол 59 жасында жұмыс іздеп, табанынан тозып жүр. Бір кездері өзіне ерекше құрмет көрсеткен адамдардан жұмысқа орналасуға көмек сұрайды. Бірақ олардың жауабы – үнсіздік, бас тарту және менсінбеушілік», – деді ол.

Нұрбибінің айтуынша, атасы тірі кезде оның әкесі көп адамға керек болған. Ал қазір өзін қоғамнан шет қалғандай сезінетінін жеткізді.

«Бүгін тағы да әкеммен кездестім. Әңгімеміз тағы да атамның іс-әрекеттері оның өміріне және біздің тағдырымызға қалай әсер еткені туралы болды. Тағы да оның жанарынан түңілу мен ақталмаған үмітті көрдім. Тағы да осы жағдайға қатысы бар адамдардың бәріне деген өкпе-реніш бойымды биледі. Әлі күнге дейін әділдік орнаған жоқ. Бұл әулеттің тегі әлі күнге дейін біздің иығымызға ауыр жүк болып түсіп тұр. Өкінішті-ақ», – деп жазды Нұрбибі Нұрқаділова.

Айта кетейік, Қайрат Нұрқаділов әр жылдары мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда басшылық қызметтер атқарған.

Заманбек Нұрқаділов 2005 жылғы 12 қарашада өз үйінен өлі табылған еді.

Белгілі саясаткер екі рет отбасын құрған. Алғашқы жұбайы Нұрбике Нұрқаділовадан Қайрат есімді ұлы және Құралай есімді қызы дүниеге келген. Құралай Нұрқаділова кейін танымал дизайнер атанып, «Құралай» сән үйінің негізін қалады.

Кейін Заманбек Нұрқаділов Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісовамен шаңырақ көтерді. Бұл некеден Мерей Заманбек есімді қыздары дүниеге келген.