Көкшетау қаласындағы М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Кітапханалар Одағының «Жаһандық көзқарас және тұрақты даму: кітапханалардың болашақты құрудағы рөлі» атты кезекті көшпелі отырысы аясында пленарлық мәжіліс өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Пленарлық мәжілісті Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстан Кітапханалар Одағының төрағасы Ғазиза Құдайбергенқызы Нұрғалиева ашып, кітапхана саласын дамытудың басым бағыттары, кәсіби қауымдастықты нығайту және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар Жолдыбалинов Нұржан Нұрланұлы Одақтың жаңартылған ақпараттық платформасының мүмкіндіктерін таныстырды.
Пленарлық отырыста кітапхана ісін жаңғыртуға бағытталған өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Қарсақбайқызы Сейітова «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасының маңыздылығы мен оның саланы дамытудағы рөліне тоқталды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Қанат Алтынбек кітапхана ісі ғылымын дамытудағы кәсіби әдебиеттердің орны туралы баяндама жасап, салалық оқулықтар мен ғылыми еңбектердің ғылыми-әдістемелік маңызын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Ақпараттық ресурстар қызметінің жетекшісі Толқын Замзаева библиографиялық сипаттаудың халықаралық стандарттары және оларды отандық тәжірибеге енгізу мәселелерін таныстырса, Қорды толықтыру қызметінің жетекшісі Гүлмира Смағұлова электрондық құжаттарды есепке алу және тіркеу тетіктері жөнінде баяндама жасады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Ғылыми-әдістемелік қызметінің қызметкері, AI Creator Нұрлыхан Жұмахан кітапхана саласындағы жасанды интеллект технологияларының мүмкіндіктері мен оларды кәсіби қызметте қолданудың жаңа бағыттарын таныстырды.
Сондай-ақ М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, ақын Қуаныш Оспан өңірлік көпшілік кітапханалардың қазіргі ахуалы, өзекті мәселелері мен даму перспективалары туралы баяндама жасады.
Пленарлық мәжіліс барысында кітапхана саласындағы заңнамалық өзгерістер, кәсіби стандарттарды жетілдіру, цифрлық трансформация, жасанды интеллект технологияларын енгізу және өңірлік кітапханалардың үздік тәжірибелері талқыланды.
Іс-шара кәсіби тәжірибе алмасуға, кітапхана қауымдастығы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және кітапхана ісін тұрақты дамытуға бағытталған жаңа бастамаларды қалыптастыруға мүмкіндік берген маңызды кәсіби алаң болды.