15 жастағы Қазақстандық шахматшы әлем чемпионатында медаль жеңіп алды

Бүгін, 14:29 / Arasha.kz
newtimes.kz

15 жастағы Қазақстандық шахматшы Сауат Нұрғалиев жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Arasha.kzNewTimes.kz-ке сілтеме жасап.

Турнир Монтесильвано қаласында өтіп, оған әлемнің 85 елінен 742 жас шахматшы қатысты. Қазақстан намысын бұл додада 35 спортшы қорғады.

Сауат Нұрғалиев 16 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Open U16 санатында өнер көрсетіп, 8,5 ұпай жинап, 152 қатысушының ішінен үшінші орынға тұрақтады.

Қазақстандық тағы бір шахматшы Марк Смирнов Open U14 санатында жүлдеден бір қадам қалып, 8 ұпаймен бесінші орын алды. Осындай нәтижені америкалық спортшы Итан Гуо мен қазақстандық Диас Қуандықұлы да көрсеткен. Алайда қорытынды орындар қосымша көрсеткіштер арқылы анықталды.

Ал қыздар арасындағы Girls U16 санатында Елназ Қалиахмет төртінші орын иеленсе, Мария Холявко дәл осындай нәтижемен бесінші орын алды. Екі спортшыға да жүлделі орынға жету үшін жарты ұпай жетпеді.

Сонымен қатар Эдгар Мамедов Open U18 санатында үздік бестікке еніп, бесінші орынды қанағат тұтты.

Айта кетейік, FIDE ұйымдастырған әлем чемпионаты жас шахматшылар арасындағы ең беделді жарыстардың бірі саналады.

Тэгтер:

#Қазақстандық шахматшы #жастар арасындағы әлем чемпионаты #Жүлде #Шахмат #FIDE