Асқар Ақаев 2005 жылы Қырғызстаннан не үшін кеткенін айтты

Бүгін, 09:33 / Ахмет Қанатұлы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі

Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев 2005 жылдың наурызында елден кетуін қашу деп санамайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, сол кездегі шешімі елде қантөгіске жол бермеу мақсатында қабылданған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Exclusive.kg басылымына берген сұхбатында Ақаев президенттік кезеңіндегі маңызды шешімдерге тоқталды. Ол саяси элитаның бір бөлігінің қарсылығына қарамастан, ұлттық валюта – сомды енгізу неге қажет болғанын түсіндірді. Сондай-ақ 1990-жылдары "Құмтөр" жобасын іске қосудың ел экономикасы үшін маңызды болғанын айтты.

Бұрынғы президент сұхбат барысында балалары мен күйеу баласына қатысты айтылған айыптарға да жауап берді. Сонымен бірге "Құмтөр" мәселесі бойынша нақты не үшін кешірім сұрағанын түсіндірді.

Ақаев президенттік қызметіндегі басты жетістіктері ретінде Қырғызстанның ұлттық валютасын енгізуді және демократиялық институттардың қалыптасуын атады. Ал ең үлкен қателігі ретінде Ақсы оқиғасының алдын уақытында ала алмағанын айтты.

Асқар Ақаев Қырғызстанды 1990 жылдан 2005 жылға дейін басқарды. 2005 жылғы "Қызғалдақ революциясы" кезінде ол елден кетіп, кейін ресми түрде қызметінен бас тартты.

Қазақстан үшін Ақаевтың есімі қырғыз саясатымен ғана емес, отбасылық байланыстармен де байланысты. 1990-жылдардың соңында оның үлкен ұлы Айдар Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлияға үйленген. Алайда бұл неке үш жылға ғана созылған.

2005 жылғы саяси дағдарыс кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Ақаевтың Бішкектен кетіп, Қазақстан арқылы Ресейге ұшуына көмектескені айтылады. Осыдан кейін Қырғызстанның бұрынғы президенті Мәскеуге қоныстанып, ғылыми қызметпен айналыса бастады.

Тэгтер:

президент Асқар Ақаев