Ел тарихындағы Сенаттың соңғы отырысы өтті

Бүгін, 14:31 / Ахмет Қанатұлы
senate.parlam.kz

Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қорытынды отырысы өтті. Жиында депутаттар бірқатар маңызды заңды мақұлдап, жоғарғы палатаның 30 жыл ішінде атқарған жұмысына қорытынды жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, ертең Парламент палаталарының бірлескен отырысында кезекті сессия ресми түрде жабылады. Ал 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне еніп, қазіргі Парламенттің өкілеттігі тоқтайды.

Осылайша, 1995 жылғы Конституция негізінде жұмыс істеген қос палаталы Парламент өз тарихи миссиясын аяқтап отыр. 30 жыл ішінде Сенат елдің заң шығару жүйесінде маңызды орын алып, мемлекеттік басқару, құқықтық реформа, әлеуметтік саясат және ұлттық қауіпсіздік салаларындағы шешімдердің қабылдануына үлес қосты.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде алдағы кезең ел үшін жаңа жауапкершілік пен жаңа міндеттер жүктейтінін атап өтті. Ол Сенаттың көпжылдық тәжірибесі болашақ саяси институттардың жұмысына да негіз болатынын жеткізді.

"Құрметті әріптестер, бізді дамудың жаңа кезеңі күтіп тұр. Алда ауқымды әрі күрделі міндеттер бар. Парламент Сенатының 30 жылдық тәжірибесін қамтитын және жұмысын жаңа форматта бастайтын Құрылтайға алдағы қызметінде табыс тілейміз", – деді Сенат төрағасы.

Сөз соңында Мәулен Әшімбаев елдің тұрақты дамуы мен тәуелсіздіктің мәңгі болуын тілеп, азаматтарды Қазақстанның игілігі жолында бірлесе еңбек етуге шақырды.

"Еліміз гүлденсін, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын. Еліміздің игілігі үшін бәріміз бірге жұмыс істейік", – деді ол.

Тэгтер:

сенат отырыс