Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіру мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы бұл бағытты аса маңызды стратегиялық міндет деп атады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тоқаевтың айтуынша, ел экономикасын жаңаша дамыту үшін бұрынғы тәсілдер жеткіліксіз. Сондықтан жаңа көзқарас пен жаңа ұстаным қажет.
"Екінші мәселе. Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіру. Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Оған жедел түрде қол жеткізу үшін жаңа көзқарас, жаңа ұстаным қажет. Бұрынғы жұмыс тәсілдері мен әдістері тиімді болмайтыны анық. Бұған дейін де айттым: жаһандағы жағдай, жалпы халықаралық ахуал жыл өткен сайын ушығып барады. Түрлі қақтығыстар мен сын-қатерлер аз емес.
Бірақ біз соған қарамастан, салиқалы саясат жүргізіп, нық сеніммен алға қадам басып келеміз. Біз бұл саясатты берік ұстануымыз қажет. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Мұны әлем елдерінің даму қарқынымен салыстырғанда жоғары көрсеткіш деуге болады. Жалпы ішкі өнім ел тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асты. Оның жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллардан асып, 2019 жылдан бері бір жарым есе артты. Бұл – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы ең жоғары нәтиженің бірі.
Инфляция бағамы төмендеді: биылғы бес айдың қорытындысы бойынша оның деңгейі 10,4 пайызға дейін түсті. Бірақ бұл көрсеткішті әлі де төмендету керек. Қазақстанның қаржы жүйесі тұрақты. Ұлттық валютамыз да өз тұғырында нық тұр, сыртқы қауіп-қатерлерден сенімді түрде қорғалған деп айтсақ, қате болмайды. Жалпы, Парламент Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, тиімді жұмыс атқарды. Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе – Ұлттық банктің негізгі пайыздық ставкасы. Бұл мәселені пайымдап шешу керек. Өздеріңіз қабылдаған Бюджет және Салық кодекстеріне сәйкес еліміздің экономикалық жүйесі толығымен қайта жаңғырды және мемлекет қаржысын басқаруға қатысты ұстаным түбегейлі өзгерді. Осылайша, Қазақстан экономикасының жаңа келбетіне жол ашуға қажетті негіз қалыптасты", – деді Тоқаев.