Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген жеке өміріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Өнер иесі отбасылық өмір мен болашақ жары туралы ойын ашық айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Димаш бұл туралы 2023 жылы "Sputnik Армения" ақпарат агенттігіне берген сұхбатында сөз еткен. Әншінің айтуынша, әлеуметтік желі мен интернетте оның жеке өміріне қатысты түрлі қауесет жиі тарайды. Алайда өнер иесі мұндай ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
"Ғаламторда менің бірнеше әйелім бар деп жазыпты. Бірақ мен әзірге бойдақпын, басым бос. Жеке өмірімді көпшілікке жария еткім келмейді", – деді Димаш Құдайберген.
Әнші болашақ жарын ел назарынан тыс ұстағысы келетінін айтты. Оның сөзінше, егер жары көпшілікке танымал адам болмаса, оны жұрт алдына шығармауы мүмкін.
"Болашақ әйелімді көрсеткім келмейді. Егер ол ел алдында жүрген, халық танитын адам болса, онда жағдай басқа. Бірақ негізінен жарымның көпшілік талқысына түскенін қаламаймын", – деді өнер иесі.
Димаш болашақ балаларының да көпшіліктің назарында болғанын қаламайтынын жеткізді. Әнші үшін отбасы мен жеке өмір – жұрт талқысына салынбайтын, құпия сақталуы тиіс тақырып.