"Өлсең ғана іздейді": Досхан Жолжақсынов актриса Меруерт Өтекешова туралы айтты (ВИДЕО)

Бүгін, 12:22 / Ахмет Қанатұлы
Malim.kz коллажы. Суретте: Меруерт Өтекешова мен Досхан Жолжақсынов

Қазақ киносының белгілі актері Досхан Жолжақсынов "Қыз Жібек" фильміндегі камзолдың тағдырына қатысты пікір білдірді. Өнер иесі бұл туралы журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Актердің сөзінше, "Қыз Жібек" фильмінде басты рөлді сомдаған Меруерт Өтекешова мен қазақ киносындағы Қыз Жібек бейнесі халық санасында бір-бірінен ажырамайтын ұғымға айналған. Сондықтан фильмге қатысты тарихи жәдігерлердің лайықты деңгейде сақталуы маңызды.

Досхан Жолжақсынов "Қыз Жібек" киген камзолдың жоғалуы немесе назардан тыс қалуы қоғамның мәдени мұраға деген көзқарасын көрсететінін айтты. Оның пікірінше, мұндай құнды заттар жеке адамдардың қолында емес, арнайы музейлерде сақталуы керек.

"Кешегі Қыз Жібекті ойнаған Меруерт. Меруертті іздесе, Қыз Жібек деп, сол қоғам, сол орта, бүгінгі сүлейлер қайда қалды? Бәлкім "Қыз Жібек" киген камзол жоғалмағанда, Қыз Жібекті де еске алмас еді. Ал Қыз Жібектің киген камзолы төбемізге көтеріп, тәж етсек, оның киімі де сондай.

Ол Шәкен Аймановтың музейіне тапсырылу керек. Сонда тұру керек. Не болмаса, біздің Орталық музейімізге тапсырылу керек. Міне, осындай дүниелерді ойлайсың да, "Аһ" ұрасың. Құдай-ау, біз қай бағыттамыз? Біз қайда кетіп бара жатырмыз?

Сонда бір қазақ біреуді біреу іздеу үшін, өлу керек пе? Сонда ғана сені біреу іздейтін болады ғой", – деп қынжылды актер.

Тэгтер:

Меруерт Өтекешова Досхан Жолжақсынов