Маңғыстау облысында 200-ден астам ер адамға «әйелдерге арналған операциялар жасалды» деген күдікпен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) қаражатын жымқыру фактісі бойынша тексеру жүріп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тергеу нысанына екі жекеменшік медициналық ұйымның басшылығы іліккен.
Тергеу деректеріне сәйкес, «ИБН СИНА» және SOFIE MED GROUP медициналық орталықтарының лауазымды тұлғалары ер адамдарға қойылған «варикоцеле» диагнозы бойынша медициналық қызметтерді рәсімдеу кезінде әйелдерге арналған жоғары технологиялық операцияның кодын көрсеткен.
Атап айтқанда, «жамбас ағзалары мен жатыр артериялары тамырларының эндоваскулярлық эмболизациясы» қызметі енгізілген.
«Нәтижесінде 200-ден астам ер адамға негізсіз қымбат медициналық қызмет көрсетілгені тіркеліп, емдеу құны 10 есеге дейін артқан. Ал 19 жағдайда пациенттер мүлдем клиникаға жүгінбегенін айтқан», - деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі.