Нұрсұлтан Шоқанов блогер ұлының дауға айналған сөзіне жауап берді

Бүгін, 13:36 / Arasha.kz
Коллаж ЖИ арқылы жасалған

Қазақстан халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов ұлы Ибрагим Шоқановтың әлеуметтік желіде Қазақстан тарихына қатысты айтқан даулы мәлімдемесіне пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kzDala News-ке сілтеме жасай отырып.

Еске салайық, бұған дейін блогер Ибрагим Шоқанов TikTok желісіндегі сұхбатында: «Бізде Қазақстан тарихы жоқ, біз ағылшын мектебінде оқимыз» деген сөзімен қоғам назарын аударған еді. Бұл пікір әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, көпшілік тарапынан сынға ұшырады.

Осыған қатысты журналистер сұрағына жауап берген Нұрсұлтан Шоқанов отбасы ішінде бұл мәселе талқыланғанын айтты.

«Ол ондай пікір айтқанда біз өзіміз таңғалдық. Онымен сөйлестік, оның пікірі дұрыс емес екенін түсіндірдік. Қазір ол өз қатесін түсінеді», - деді ол.

Сонымен қатар депутаттан «Ибрагим шынымен мектепте Қазақстан тарихын оқымаған ба?» деген сұрақ қойылған.

Бұл сауалға Нұрсұлтан Шоқанов нақты жауап беріп, ұлының айтқан сөзі шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

«Жоқ, оқиды. Ол енді блогер ғой. Кейде передачада сондай сөз айтып, лайк жинағысы келеді. Қазақстан тарихын оқып жатыр», - деді партия төрағасы.

Осы мәлімдемеден кейін желі қолданушылары блогерлердің аудитория үшін айтатын сөздері қоғамда қандай реакция тудыруы мүмкін екені туралы пікірталас жүргізіп жатыр.

Тэгтер:

#Дау #Блогер #Қазақстан тарихы #Партия төрағасы #Нұрсұлтан Шоқанов