Бүгін жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Осы сәттен бастап еліміз жаңа конституциялық модель жағдайында өмір сүре бастайды.
Конституция күні енді 15 наурызда аталып өтеді. Ал 2026 жылғы 1 шілде – жаңа Ата Заңның практикалық кезеңі басталған тарихи күн.
Конституция бұл қоғамдық келісімнің ең жоғарғы нысаны. Ал Конституцияның күшіне енуі жаңа саяси шынайылыққа өтудің институционалдық негізін қалыптастырады.
Референдум өткеннен кейін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Конституциялық заңдар қабылданды, мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасын қамтамасыз ететін құқықтық база қалыптастырылды, жаңа институттардың жұмыс тәртібі айқындалды. Осылайша бірнеше ай ішінде реформалардың институционалдық іргетасы толық қаланды.
Конституциялық реформалардың келесі кезеңі өзінің мазмұны жағынан алдыңғы кезеңдерден ерекшеленеді.
Осы уақытқа дейін басты назар жаңа саяси модельдің құқықтық негіздерін қалыптастыруға аударылды. Бүгіннен бастап негізгі міндет сол модельдің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуге көшеді. Сондықтан алдағы кезең мемлекеттік институттардың тиімділігімен, саяси партиялардың жауапкершілігімен және азаматтардың саяси белсенділігімен сипатталады.
Соңғы алты жылда елімізде саяси жүйені кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған ауқымды заңнамалық өзгерістер жүзеге асырылды. Азаматтық қоғам институттары нығайтылды. Бейбіт жиналыстар, қоғамдық бақылау, петициялар институты, сайлау жүйесі және саяси партиялар туралы заңнама жаңартылды. Партияларды тіркеуге қойылатын талаптардың жеңілдетілуі жаңа саяси күштердің қалыптасуына жол ашты.
Бүгінде осы өзгерістердің барлығы жаңа Конституция аясында біртұтас саяси модельге біріктіріліп отыр.
Соның ішінде саяси партиялардың орны түбегейлі өзгеруде.
Құрылтай депутаттарының толықтай партиялық тізімдер арқылы сайлануы партиялардың мәртебесін жаңа деңгейге көтереді. Олар қоғамдық қолдауға ие болумен қатар, мемлекеттік саясаттың сапасына және елдің стратегиялық дамуына тікелей жауапты институттарға айналады.
Соңғы апталарда байқалып отырған партиялық кеңістіктегі өзгерістер де осы үдерістің заңды жалғасы. Басшылық құрамының жаңаруы, саяси күштердің қайта топтасуы, жаңа стратегиялық бағыттардың қалыптасуы алдағы электоралдық кезеңге дайындықпен қатар, жаңа конституциялық талаптарға бейімделудің де көрінісі.
Күні кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысының «AMANAT» пен «Әділет» партияларының реформаларды іске асырудағы рөлін арнайы атап өтуі де ерекше назар аудартады. Бұл жаңа саяси модель жағдайында партиялардың жауапкершілігі бұрынғыдан әлдеқайда жоғары болатынын білдіретін маңызды саяси сигнал.
Конституциялық реформалардың басты ерекшелігі жаңа институттарды қалыптастырумен ғана өлшенбейді. Ең маңызды өзгеріс мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігіне негізделген жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуында.
Жаңа Конституция азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге ықпал ету мүмкіндігін кеңейтті. Соған сәйкес әрбір саяси таңдау мен азаматтық ұстанымның салмағы да арта түседі. Ал 23-тамыз күні өтетін Құрылтай сайлауы осы өзгерістердің алғашқы ірі сынағына айналады.
Саясаттанушы, Индира Ырыстина