Конституция – тұрақты болашақтың бағдары

Бүгін, 15:45 / Камила Дүйсен
Бақытгүл Қамбар

Кез келген мемлекет өзінің болашағын әлеуметтік әділеттілікпен, экономикалық тұрақтылықпен және азаматтардың әл-ауқатымен байланыстырады. Әлемдегі дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, мұндай мақсаттарға жетудің басты кепілі – заман талабына сай қалыптасқан Конституция. Сондықтан жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстанның тұрақты даму жолындағы маңызды қадамы ретінде бағаланып отыр.

Мемлекет басшысы әзірлеген жаңа Конституцияда әділеттілік, адам қадір-қасиеті, құқық пен бостандықтар, заң үстемдігі, жауапкершілік және қоғамдық келісім секілді құндылықтар негізгі бағдар ретінде айқындалған. Бұл қағидаттар елдің саяси және экономикалық дамуына ғана емес, азаматтардың өмір сапасын арттыруға да бағытталған.

Экономика ғылымдарының кандидаты, Экономикалық зерттеулер институтының Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылық директоры Бақытгүл Қамбардың пікірінше, Конституция тұрақты дамудың негізін қалыптастыратын басты құжат болып табылады.

– Кез келген адам әлемдегі ең мықты, әл-ауқаты жоғары мемлекетте өмір сүргісі келеді. Сондықтан әр азамат өз елінде әлеуметтік жағдайдың жоғары деңгейде жасалғанын, экономикалық дамудың тұрақты болғанын, заң мен саяси жүйенің әділ жұмыс істегенін қалайды. Мұның барлығы «тұрақты даму» деп аталатын ауқымды ұғымның құрамдас бөліктері болып саналады. Тұрақты дамудың негізін қалайтын басты құжат – мемлекеттің негізгі заңы, яғни Конституция. Өйткені қоғамның ұзақ мерзімді дамуының бағыты дәл осы құжат арқылы айқындалады, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, бүгінгі күні әлем елдерінің конституциялары тек азаматтардың құқықтарын, билік тармақтарының қызметін немесе мемлекеттік құрылымды ғана реттемейді. Қазіргі заманғы негізгі заңдар әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне, табиғатты қорғауға және ресурстарды ұтымды пайдалануға да басымдық береді.

Сарапшы Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасында тұрақты дамудың маңызды элементтері кеңінен қамтылғанын атап өтеді.

– Қазіргі таңда көптеген елдердің конституцияларында азаматтардың құқықтары, биліктің қағидаттары мен аумақтық құрылым мәселелерімен қатар әлеуметтік-экономикалық даму және қоршаған ортаны қорғау негіздеріне ерекше мән беріледі. Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасының 37-бабында қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану жолындағы мемлекет пен азаматтардың жауапкершіліктері күшейтілген. Себебі тұрақты даму дегеніміз – тек адами немесе қаржылық капитал емес, табиғи байлықтарды да ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Сонда ғана елдің экономикалық дамуының тұрақты негізі қалыптасады, – дейді Бақытгүл Қамбар.

Оның пікірінше, табиғи ресурстарды сақтау мен тиімді пайдалану мәселесі бүгінде тек экологиялық саясаттың ғана емес, экономикалық қауіпсіздіктің де маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр.

– Табиғи байлықтарды ұтымды пайдалану елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл мемлекеттердің әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі факторлардың бірі саналады. Сондықтан табиғатты қорғау мәселесі тек қоршаған ортаны сақтаумен шектелмейді. Ол экономикалық өсімді қамтамасыз етудің, халықтың өмір сапасын жақсартудың және болашақ ұрпақтың мүддесін қорғаудың маңызды тетігі болып табылады, – дейді сарапшы.

Бақытгүл Қамбардың айтуынша, қоршаған ортаны қорғауды конституциялық деңгейде бекіту әлемдік тәжірибеде бұрыннан қалыптасқан үрдіс.

– Қоршаған ортаны конституциялық деңгейде қорғау үрдісі өткен ғасырдың 70-жылдарында басталды деуге болады. Қазіргі күнге дейін бұл үрдіс әр елде әр кезеңде жалғасып келеді. Мәселен, 2004 жылы Франция парламенті Қоршаған орта туралы хартияны қабылдап, оны 2005 жылы Конституция құрамына енгізді. 2007 жылы Черногория өзін Конституциясында экологиялық мемлекет ретінде жариялады. Ал 2011 жылы Мажарстан азаматтардың физикалық және психологиялық денсаулыққа құқығын қоршаған ортаны қорғау міндеттерімен байланыстырды. 2016 жылы Словения Конституциясында азаматтардың ауыз суға деген құқығы бекітілді, – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, әлемдік тәжірибе тұрақты дамудың қазіргі заманғы мемлекеттердің негізгі қағидаттарының біріне айналғанын көрсетеді.

Бұл ретте Үндістанның тәжірибесі ерекше назар аударуға тұрарлық. Сарапшы аталған елдің Конституциясы тұрақты дамудың берік негізін қалаған құжаттардың бірі екенін айтады.

– Үндістан Конституциясы тұрақты дамудың берік негізін қалыптастырған деп айтуға болады. Оның бірқатар ережелері әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға, инклюзивті және экологиялық қауіпсіз экономикалық өсімге жағдай жасауға арналған. Бұл нормалар Конституцияның бір бабында ғана емес, бірнеше бөлімінде көрініс тапқан. Атап айтқанда, олар «Мемлекеттік саясаттың директивті қағидаттарында», «Негізгі құқықтар» мен «Негізгі міндеттемелер» бөлімдерінде қамтылған. Мұндай тәжірибе тұрақты дамудың кешенді көзқарасқа негізделуі қажеттігін көрсетеді, – дейді Бақытгүл Қамбар.

Оның сөзінше, бүгінде мемлекеттердің басым бөлігі азаматтардың экологиялық құқықтарын конституциялық деңгейде бекітуге ұмтылып отыр.

– Азаматтардың әл-ауқаты үшін қолайлы жағдай жасау, ел экономикасының берік іргетасын қалыптастыру мақсатында көптеген мемлекеттер табиғи ресурстарға деген құқықтарды өз конституцияларына енгізуде. Қазіргі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 193 елдің шамамен 150-ге жуығында азаматтардың экологиялық құқықтары мен міндеттеріне қатысты нормалар қарастырылған. Бұл тұрақты даму мәселесінің халықаралық деңгейде маңызды орын алатынын көрсетеді, – дейді сарапшы.

Экономикалық зерттеулер институтының Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылығы жүргізген талдаулар да Қазақстанның жаңа Конституциясында орнықты даму қағидаттары жан-жақты қамтылғанын дәлелдейді.

– Біздің сарапшылар жасаған талдау Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасында тұрақты дамудың «Ешкімді назардан тыс қалдырмау» қағидасының ескерілгенін көрсетіп отыр. Мұны инклюзивті даму негіздерінен, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару институттарынан, білім, ғылым және инновация мәселелеріне берілген басымдықтан, сондай-ақ қоршаған ортаға кең көлемде көңіл бөлінгенінен байқауға болады. Бұл – қоғамның барлық топтарының мүддесін ескеруге бағытталған маңызды қадам, – дейді Бақытгүл Қамбар.

Сарапшының пайымдауынша, жаңа Конституция халықаралық адам құқықтары стандарттарына толық сәйкес келеді және Қазақстанның ұзақ мерзімді даму мақсаттарына қол жеткізуіне ықпал етеді.

– Қазақстан Республикасының Конституциясы халықаралық адам құқықтарына қатысты нормаларға толық сәйкес келеді. Конституция қабылданғаннан кейін оның аясында тиімді нормативтік-құқықтық актілердің әзірленуі мен іске асырылуы маңызды рөл атқарады. Осындай заңнамалық тетіктердің қалыптасуы негізгі заңның Қазақстанның тұрақты дамуының іргетасына айналуына оң ықпал етеді. Бұл елдің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан орнықты дамуына берік негіз қалайды, – дейді сарапшы.

Осылайша, жаңа Конституция қоғамның бүгінгі сұраныстарына жауап беріп қана қоймай, Қазақстанның болашақтағы орнықты дамуының ұзақ мерзімді бағдарын айқындайтын стратегиялық құжатқа айналмақ. Әділеттілік, заң үстемдігі, жауапкершілік және қоғамдық келісім қағидаттарына негізделген жаңа Конституция ел азаматтары үшін бағыт-бағдар болатын құндылықтар жүйесін қалыптастырып, Қазақстанның тұрақты әрі бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде дамуына жаңа серпін береді.

Тэгтер:

конституция жаңа конституция адам құқықтары заң үстемдігі