Жаңа Конституция: цифрлық құқықтардан әділетті қоғамға дейін

Бүгін, 16:24 / Камила Дүйсен

Жаңа Конституция Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртып қана қоймай, заманауи қоғамның сұраныстарына жауап беретін жаңа құқықтық кеңістік қалыптастыруды көздейді. Цифрлық технологиялардың жедел дамуы, азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктеріне деген қажеттілік және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру міндеті негізгі заңда көрініс тапқан. Сарапшылардың бағалауынша, Конституцияда бекітілген қағидаттар қоғамның ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын маңызды бағдарға айналмақ.

ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңа Конституция заманауи сын-қатерлерге жауап беретін құқықтық тетіктерді қамтиды. Соның ішінде цифрлық құқықтарды қорғау мәселесіне ерекше мән берілген.

– Конституция заманауи сын-қатерлерге жауап беретін құқықтық негіздерді қамтыды. Оларды шартты түрде үш бағытқа бөлуге болады. Біріншісі – цифрлық құралдар мен технологияларды дамытуға арналған нормалар. Екіншісі – азаматтардың заманауи технологияларға тең әрі қолжетімді қол жеткізуін қамтамасыз ететін конституциялық қағидаттар. Ал кез келген технологияның игілігімен қатар белгілі бір қауіптері де болатыны белгілі. Осыған байланысты Конституция адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын цифрлық кеңістікте туындайтын қатерлерден қорғауға бағытталған нормалармен толықтырылды, – дейді Бақыт Нұрмұханов.

Цифрландыру дәуірінде адамның жеке өміріне қатысты ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда жаңа Конституция азаматтардың дербес деректерін қорғауға қатысты құқықтық негіздерді де күшейтеді.

Бақыт Нұрмұхановтың сөзінше, Қазақстан бұл бағытта өңірдегі алғашқы мемлекеттердің бірі ретінде заңнамалық базаны қалыптастырып үлгерді.

– Өткен жылы Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып жасанды интеллект туралы заң қабылдады. Бұл құжат аталған саланы икемді құқықтық реттеуге мүмкіндік беріп, бір жағынан бизнес пен технологиялардың дамуына жол ашса, екінші жағынан мемлекет, қоғам және жеке адамның мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтауды көздейді. Жыл басында Мемлекет басшысы Цифрлық кодекске қол қойды. Сонымен қатар елімізде дербес деректерді қорғау туралы заң мен киберқауіпсіздік саласындағы заңнамалар қолданыста. Аталған құқықтық құжаттардың барлығы цифрлық технологияларды енгізу барысында туындайтын қауіп-қатерлерден азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған, – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, цифрлық құқықтарды қорғау тек мемлекетке ғана емес, азаматтардың өзіне де байланысты. Әсіресе цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бүгінгі қоғам үшін аса маңызды.

– Бұл мәселеде азаматтардың өз жауапкершілігі де маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда «цифрлық гигиена» деген ұғым кеңінен қолданылады. Яғни әр адам өз құрылғыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тәсілдерді қолдануға дағдылануы тиіс. Бұл ең алдымен күрделі құпиясөздерді пайдалану, аккаунттар мен әлеуметтік желілерді қосымша қорғау құралдарын қолдану секілді қауіпсіздік шараларын қамтиды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте дербес деректерді қорғау жөніндегі заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Ал азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірілген жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған және санкциялар белгілі бір жағдайларда бас бостандығынан айыру жазасына дейін жетуі мүмкін, – дейді Бақыт Нұрмұханов.

Жаңа Конституцияның тағы бір маңызды ерекшелігі – елдің саяси жүйесін жетілдіруге бағытталған қағидаттардың бекітілуі. Саясаттаншуы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Конституция Қазақстанның президенттік басқару моделін нақтылай отырып, мемлекеттік институттардың арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.

– Президент өкілеттігі аяқталған Парламент сессиясының жабылуында сөйлеген сөзінде еліміздің президенттік республика екенін және негізгі шешімдер Мемлекет басшысының құзырында екенін ешқашан ұмытпау керектігін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда жаңа Конституция күшті Президент қағидатын айқын әрі нақты бейнелейді. Сонымен қатар оның екінші маңызды тірегі – ықпалды Парламент. Ол да өзінің әлеуетін толық іске асыруы тиіс. Өйткені Парламент екі палаталы болмайды, сырттан берілетін квоталар қарастырылмайды, оның құрамы партиялық құрылымдар мен саяси өкілдік қағидатына негізделеді, – дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, жаңа саяси модель қоғамдық пікірдің ашық айтылуына және маңызды мәселелердің кеңінен талқылануына мүмкіндік береді.

– Бұл өз кезегінде Құрылтайдың елдегі өзекті мәселелерді ашық талқылайтын, мемлекеттің дамуына қатысты іргелі шешімдер іздейтін маңызды пікірталас алаңына айналуы қажеттігін білдіреді. Бұл – «ықпалды Парламент» формуласының екінші құрамдас бөлігі. Үкімет, сөзсіз, Президент алдында жауапты болады, сондай-ақ оның Парламент алдындағы жауапкершілігі де күшеюі мүмкін. Сондықтан бұл қағидат толық көлемде жүзеге асады деп сенемін, – дейді Ғазиз Әбішев.

Сарапшы Конституцияда адам құқықтарын қорғау мәселесіне де ерекше назар аударылғанын айтады. Оның пікірінше, құқықтардың тиімді қорғалуы Конституцияның нақты жүзеге асуымен тікелей байланысты.

– Адам құқықтарына келсек, мұнда басты мәселе – азаматтардың өз құқықтарын қорғауға белсенді болуы және мемлекеттің қызметіне қоғамдық бақылау орната білуі. Конституцияның нақты іске асуы да осыған байланысты. Егер Конституция толыққанды орындалса, ол қарапайым азаматтардың құқықтарын тиімді әрі нақты қорғауға мүмкіндік береді. Сондықтан ең маңыздысы – Конституцияны қабылдау ғана емес, оның күнделікті өмірде шынайы жұмыс істеуі, – дейді ол.

Ғазиз Әбішевтің пікірінше, «Әділетті Қазақстан» ұғымының негізінде заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіп қағидаттары жатыр. Бұл құндылықтар жаңа Конституцияда жан-жақты көрініс тапқан.

– Ал «Әділетті Қазақстан» қағидатына тоқталсақ, бұл ең алдымен заң мен тәртіптің үстемдігіне негізделген әділдік мәселесі. Жаңа Конституцияда бұл ұстанымдар толық көрініс тапқан. Ең бастысы – Конституцияда барлық қағидаттар дұрыс айқындалған. Ендігі міндет – олардың іс жүзінде жүзеге асуын қамтамасыз ету. Ал бұл жауапкершілік әрқайсымызға ортақ, – дейді саясаттанушы.

Жалпы, жаңа Конституция тек саяси реформалардың құқықтық негізі ғана емес, сонымен бірге қоғамның жаңа даму кезеңінің басты бағдары ретінде қарастырылып отыр. Құжатта азаматтардың құқықтарын қорғаудан бастап, цифрлық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдық келісімді нығайтуға дейінгі маңызды бағыттар қамтылған.

Осылайша, жаңа Конституция Қазақстанның болашақ дамуының стратегиялық құжатына айналып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, әділетті қоғам құруға және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға қызмет етпек. Ал онда бекітілген қағидаттардың нақты жүзеге асуы әрбір азаматтың жауапкершілігі мен белсенділігіне де байланысты болмақ.

Тэгтер:

заң Әділетті Қазақстан Заң және тәртіп жаңа конституция