ОСК Құрылтай сайлауына жұмсалатын шығындар туралы айтты

Бүгін, 19:35 / Arasha.kz
Фото: zakon.kz

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортниктің айтуынша, Құрылтай депутаттарын сайлауға жұмсалатын нақты қаражат көлемі әзірге анықталған жоқ. Қазіргі уақытта шығындар сметасы әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kzZakon.kz.-ке сілтеме жасай отырып.

Оның сөзінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес Құрылтай депутаттарын сайлау республикалық бюджет есебінен жергілікті атқарушы органдардың шоттары арқылы қаржыландырылады. Алайда 2026 жылғы бюджетте бұл науқанға арнайы қаражат қарастырылмағандықтан, қаржы үкіметтің резервінен бөлінуі ықтимал.

Михаил Бортник шығындардың басым бөлігі сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысын төлеуге бағытталатынын айтты. Оның мәліметінше, жалпы сметаның шамамен 75 пайызы еліміз бойынша жұмыс істейтін 71 мыңнан астам сайлау комиссиясы мүшесінің жалақысына жұмсалады. Бұл көрсеткіш бұған дейінгі республикалық референдум кезінде қолданылған қаржыландыру деңгейіне сәйкес келеді.

Сонымен қатар сайлауға қажетті полиграфиялық өнімдерді дайындау да шығындар қатарында болады. Оған сайлау бюллетеньдері, ақпараттық плакаттар және сайлау учаскелерінде орналастырылатын саяси партиялар туралы мәліметтер кіреді.

Бұдан бөлек, сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеуге арналған бейнероликтерді әзірлеу, бұқаралық ақпарат құралдарындағы түсіндіру жұмыстары, сайлау комиссияларын материалдық-техникалық қамтамасыз ету, комиссия мүшелерінің іссапар шығындары, көлік пен байланыс қызметтеріне кететін қаражат та сметаға енгізіледі.

ОСК өкілінің айтуынша, сайлауды өткізуге жұмсалатын нақты қаржы көлемі шығындар сметасы толық дайын болғаннан кейін жарияланады.

Тэгтер:

ОСК Құрылтай Михаил Бортник 2026жыл