Ақмола облысындағы балалар лагерінде демалып жатқан бірнеше бала жаппай тағамнан уланып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға 1 шілде күні белгілі болды. Сол күні облыстық көпбейінді балалар ауруханасына тағамнан улану белгілерімен төрт қыз бала жеткізілген.
Балалар жыл бойы жұмыс істейтін тіл үйрету лагерінде демалып жүрген.
Зардап шеккен балаларда құсу, дене қызуының көтерілуі және іш өту белгілері байқалған.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бастапқыда Біржан сал ауданының ауруханасына алты бала жеткізілген. Дәрігерлер тексергеннен кейін олардың екеуі амбулаториялық ем алуға жіберілсе, төрт қыз бала — екі 8 жастағы және екі 12 жастағы оқушы инфекциялық бөлімге жатқызылған.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі таңда барлық науқастың жағдайы тұрақты, өздерін жақсы сезініп келеді.
Дәрігерлер бактериологиялық зерттеу нәтижелерін күтіп отыр.
Балалардың жағдайы жақсарған сайын оларға тамақтану тәртібі біртіндеп қалпына келтірілуде. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары эпидемиологиялық тексеру жүргізіп, дайын тағамнан, судан және әртүрлі беткейлерден сынамалар алған. Сонымен қатар лагерь қызметкерлері ішек инфекцияларын тасымалдаушылыққа тексерілуде.
Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта лагерьде жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр.