Қырғызстан билігі бензин тапшылығының алдын алу үшін Қазақстаннан және тағы бірнеше мемлекеттен жанармай жеткізуді сұрады. Ресми Бішкек әлемдік энергетика нарығындағы тұрақсыздық ел ішіндегі отын нарығына әсер етуі мүмкін деп қауіптеніп отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қазір Қырғызстан мұнай өнімдерінің шамамен 90-95 пайызын Ресейден импорттайды. Алайда Ресейдің өзінде бензин тапшылығы байқалғандықтан, көрші ел балама жеткізу жолдарын іздеуге мәжбүр болған.
Қырғызстан энергетика министрлігінің мәліметінше, отын тапшылығына жол бермеу мақсатында Ресей, Қазақстан, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан және Түркіменстан үкіметтеріне ресми өтініш жолданған.
"Жанармай сатып алу көздерін әртараптандыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында келіссөздер жүргізіліп жатыр", – делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар Қырғызстан үкіметі Шу облысындағы мұнай өңдеу зауытына бензин өндірісін арттыруды тапсырған. Бұдан бөлек, елде жанармай қоры, баға саясаты және логистика мәселесіне бақылау күшейтілді.
Дегенмен қабылданған шараларға қарамастан, Қырғызстандағы кейбір жанармай құю бекеттерінде АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин тапшылығы сезіле бастаған. Осыған байланысты Бішкек отын тасымалдаумен айналысатын компанияларға субсидия бөлуге кірісті.