Каспий теңізінің тартылуын тоқтату мүмкін емес – мамандар дабыл қақты

Бүгін, 11:44 / Ахмет Қанатұлы
Meiramgul Kussainova/Anadolu via Getty Images. Суретте: Каспий теңізі

Каспий теңізінің тартылу процесін тоқтату мүмкін емес, сондықтан елдер бұл жағдайға бейімделуі керек. Бұл туралы Әзербайжанның Су ресурстарын пайдалану және қорғауды қадағалау мемлекеттік қызметі басшысының орынбасары Алиага Азизов мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Москва-Баку ақпаратына сүйенсек, маман Каспий теңізіндегі су деңгейі 1990 жылдардың ортасынан бері тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын айтқан. Оның сөзінше, бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр.

Атап айтқанда, климаттың өзгеруі, теңіз алабындағы жауын-шашын мөлшерінің азаюы, ауа температурасының көтерілуіне байланысты буланудың күшеюі және Каспийге құятын өзендердегі су көлемінің кемуі теңіз деңгейінің төмендеуіне себеп болып отыр.

Азизов келтірген дерекке сәйкес, соңғы 5 жылда Каспий теңізінің деңгейі шамамен 1 метрге төмендеген. Ал соңғы 10 жылда бұл көрсеткіш 1,5 метрге, 30 жылда 2,5 метрге жеткен. Қазір теңіз деңгейі жыл сайын орта есеппен 20-30 сантиметрге азайып жатыр.

Маманның айтуынша, бұл процесс қазірдің өзінде бірқатар салаға кері әсерін тигізе бастаған. Әсіресе порттардың жұмысы, кеме қатынасы, балық шаруашылығы, жағалау туризмі және теңіздегі мұнай-газ инфрақұрылымы үшін қауіп артып келеді.

Сонымен қатар Алиага Азизов Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуін бірлесіп бақылау және оған бейімделу бойынша өңірлік ынтымақтастықтың құқықтық негізі биылғы жылдың соңына дейін әзірленуі мүмкін екенін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі соңғы 2,5 жылда Каспий теңізіне 35 миллиард текше метрден астам тұщы су құйылғанын хабарлаған еді. Министрлік мұны көктемгі тасқындар мен су ағынын тиімді реттеу жұмыстарының нәтижесімен байланыстырған.

Тэгтер:

Каспий теңізі