Әнші Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында өзімен жиі қайталанатын ерекше жағдай туралы айтты, деп Arasha.kz тілшісі Malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнер иесінің сөзінше, ол қайда барса да, жанынан қара шыбын шықпайтын көрінеді. Әнші мұндай жағдай тек Қазақстанда ғана емес, шетелге барған кезде де бірнеше рет қайталанғанын жазды.
"Қай жерге сапарға шықсам, сол жерге дәу қара шыбын ұшып келеді, шетелде де солай, қасымдағылар біледі, ал енді бүгін концерттің аяғына дейін қара шыбын айналшақтап аяғына дейін бірге болды", – деді Мақпал Жүнісова.
Әншінің бұл жазбасынан кейін желі қолданушылары түрлі пікір қалдырды. Бірі мұны өмірден өткен жақындарының рухымен байланыстырса, енді бірі марқұмдардың белгісі болуы мүмкін деп жорыған.
"Ол шыбынды өлтірмеңіз, ол – сізге жанашыр адамның шыбыны жаны. Бұл әлемде жоқ адам. Менің анам өлгенде "торғай болып келем" деген. Қызыма терезеге торғай қонса "әже келді" дейміз. Менің көңілім бұзылады, сағыныш келеді", – деп жазды желі қолданушысы.
Мақпал Жүнісова бұл пікірге жауап беріп, марқұм жары Заманбек Нұрқаділовті еске алды.
"Мерей екеуіміз Токиоға барғанда, күнде бір қара шыбын тамақтанда жанымызда айналшақтап жүрді, сонда мен "Зәкеннің аруағы желеп-жебеп жүр" деп айтқам", – деп пікір қалдырды әнші.