Қазақстан шоу-бизнесіндегі ең ауқымды музыкалық жобалардың біріне айналған KeshYOU тобының 20 жылдығына арналған ерекше концерт туралы түсірілген деректі фильмнің соңғы бөлімі жарық көрді. Фильмде танымал продюсер Баян Мақсатқызы жиырма жылдық тарихқа айналған жобаның сахна сыртындағы бұрын белгісіз болған қиындықтары мен үлкен тәуекелдерін алғаш рет ашық көрсеткен, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мақсат әлемдік деңгейдегі шоу жасау болған
Баян Мақсатқызының айтуынша, басты мақсат ақша табу емес, KeshYOU-дың 20 жыл бойы қалыптасқан үлкен бренд екенін дәлелдеу болған. Продюсер мұндай жобаларда қаржы екінші орында тұратынын жасырмады.
«Мен ақша табуды ешқашан бірінші орынға қойған емеспін. Қаражат жетпей жатса, өз қалтамнан салып, жобаны соңына дейін жеткізетінмін», - деді ол.
Алғашында концерт Республика сарайында өтеді деп жоспарланған. Алайда режиссер Галия Байбусинова шоу концепциясын көргеннен кейін оны стадионға ауыстыру туралы шешім қабылдаған. Себебі дайындалған ауқымды бағдарлама бұрынғы алаңға сыймаған.
Нөсер жауын концертті тоқтатуға шақ қалды
Дайындық өте ауыр жағдайда өткен. Командада толыққанды соңғы дайындық жасауға уақыт болмаған. Көрермен көрген концерт - шын мәнінде алғашқы толық көрсетілім болған.
Концертке екі күн қалғанда ауа райы күрт бұзылып, қатты жаңбыр мен найзағай сахна құрылымына зақым келтірген.
Сахнаның шатыры қисайып, едені бүлінген. Мамандар LED-экрандарды қайта орнатуға мәжбүр болды. Бұл әртістер үшін тікелей қауіп тудырған.
Баян Мақсатқызы сол сәттерді былай сипаттады:
«Сахнаның артында нағыз бейберекет жағдай болды. Қатысушылар киім ауыстырамын деп жүгіріп жүрді, біреулер аяқ киімін жоғалтып жатты».
Топ ішінде жанжалдар да болған
Техникалық қиындықтардан бөлек, топтың өз ішінде де шиеленістер орын алған. Әсіресе құрам ауысуы кезінде қатысушылар арасында түсініспеушілік көбейген.
Алтын құрамның би дайындығы кезінде бұрынғы қатысушылардың бірі Ләззат пен Диана арасында сөзге келу жағдайы болған.
Жаңа құрамға қосылған Камилла үшін де дайындық оңай өтпеген. Бұған дейін кәсіби би билемеген әнші қысқа уақыт ішінде үлкен бағдарламаны меңгеруге мәжбүр болған. Қатты күйзелістің салдарынан оның денсаулығы сыр беріп, аллергия белгілері пайда болған.
Топ мүшелерінің өзі сол кездегі атмосфераны ашық түрде «дедовщина», яғни жаңадан келгендерге қатал қысым көрсету деп сипаттаған.
Көрермен күткен тарихи кеш өтті
Ұйқысыз түндер, техникалық ақаулар, ішкі реніштерге қарамастан концерт жоғары деңгейде өткен. Әсіресе «алтын құрамның» сахнаға қайта оралуы жанкүйерлер үшін ерекше сәт болды.
Баян Мақсатқызы бұл жобаны топты қайта жаңа деңгейге көтерудің бір мүмкіндігі ретінде бағалайды. Оның айтуынша, мұндай ірі концерттер қымбатқа түседі әрі өзін толық ақтамайды. Соған қарамастан, продюсер брендті сатуды ойламайды.
«Бұл - жай ғана концерт емес. Біз KeshYOU тарихын қайта жаздық. Алда 40 жылдық, 50 жылдық мерейтойлар да болады», - деді Баян Мақсатқызы.
Осылайша, KeshYOU 20 жылдық мерейтойы қазақ шоу-бизнесіндегі ең есте қаларлық концерттердің бірі ретінде тарихта қалды.
Мақала авторы: Алуа Әшірбекова