Өзбекстанда АИ-92 маркалы бензиннің биржадағы бағасы тарихи максимумға жетті. Spot басылымының мәліметінше, 29 маусымдағы сауда қорытындысы бойынша бір тонна АИ-92 бензині 13,919 млн сумға сатылған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл алдыңғы саудамен салыстырғанда 1,1%-ға жоғары. Ал маусым айының басынан бері бензин бағасы 1,473 млн сумға немесе шамамен 11,8%-ға қымбаттаған.
Жанармай бағасы әсіресе маусымның алғашқы жартысында күрт өскен. 4 маусымда бір тонна АИ-92 бензині 12,476 млн сум болса, 8 маусымда оның бағасы 13,788 млн сумға дейін көтерілген. Яғни небәрі төрт күн ішінде баға 10,5%-ға артқан.
Одан кейінгі екі аптада бензин құны 13,7–13,8 млн сум аралығында сақталды. Алайда 29 маусымда баға қайта өсіп, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті.
Бағаның қымбаттауына нарықтағы ұсыныстың азаюы да әсер еткен болуы мүмкін. Мәселен, 1 маусымда биржаға 3 791 тонна бензин шығарылса, 23 маусымда бұл көлем екі есеге жуық қысқарып, 1 898 тоннаға дейін төмендеген. 29 маусымда ұсыныс 3 123 тоннаға дейін қайта көбейгенімен, баға төмендемеді.
Spot басылымы бұл жағдай Ресейдегі жанармай тапшылығымен тұспа-тұс келгенін жазады. Басылым дерегінше, Ресейдегі тапшылыққа мұнай өңдеу зауыттарындағы жоспардан тыс жөндеу жұмыстары себеп болған. Бұған Украина дрондарының шабуылынан кейінгі жағдай да әсер еткені айтылады.
Айта кетейік, Ресей 1 сәуірден бастап бензин экспортына тыйым салған. Сарапшылар бұл шешім бағаның одан әрі күрт өсуін тежеуі мүмкін екенін айтады. Дегенмен нарықтағы бағаның жақын арада бірден төмендеуі екіталай.