Шымкентте әлеуметтік желі арқылы кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлерден ақша бопсалады деген күдікке ілінген блогер ұсталды, деп хабарлайды Arasha.kz, Liter.kz сайтына сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, негізгі күдікті Instagram желісінде 150 мыңға жуық оқырманы бар танымал блогерболған. Онымен бірге қылмысқа қатысы бар деген тағы үш адам қолға түскен.
Полицияның хабарлауынша, күдіктілер әдейі кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлерді видеоға түсіріп, олардың қызмет барысында жіберуі мүмкін қателіктері немесе кәсіпкерлікке қатысты ықтимал заңбұзушылықтарды сылтау еткен.
Кейін сол видеоматериалдарды әлеуметтік желіде жариялаймыз деп қорқытып, азаматтардан ақша талап еткен.
«Алынған видеолар қысым көрсету құралы ретінде пайдаланылған. Олар жарияламау үшін азаматтардан ақша сұраған», - деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Қазіргі уақытта күдіктілердің төртеуі де сот санкциясымен қамауға алынған. Аталған іс бойынша тергеу жалғасып жатыр, құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.