Енді психологтар мемлекеттік тіркеуден өтеді: Президент жаңа заңға қол қойды

Бүгін, 15:40 / Ахмет Қанатұлы
Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Психологиялық қызмет туралы" заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Құжаттың толық мәтіні ресми басылымдарда жарияланады.

Бұған дейін хабарланғандай, жаңа заңның негізгі мақсаты – елімізде психологиялық қызмет көрсетудің құқықтық, ұйымдық және этикалық негіздерін реттеу.

Заңға сәйкес, психолог болып жұмыс істейтін мамандарға нақты талаптар қойылады. Олар жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық не медициналық білімге ие болуы керек. Сонымен қатар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кемінде 900 сағаттық қайта даярлаудан өтіп, кәсіби біліктілігін растауы қажет.

Бұдан бөлек, психологтар міндетті түрде мемлекеттік тіркеуге тұрады. Ол үшін психологтардың мемлекеттік тізілімі жасалады. Мамандарды тіркеу тәртібін кәсіби біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

Құжатта психологтардың қызметіне қатысты бірқатар шектеу де қарастырылған. Атап айтқанда, оларға медициналық диагноз қоюға, дәрі-дәрмекпен ем тағайындауға, психобелсенді заттарды немесе адамның санасына әсер ететін өзге де әдістерді қолдануға тыйым салынады.

Сондай-ақ психологтар кәмелетке толмаған балалармен ата-анасының немесе заңды өкілінің хабардар етілген келісімінсіз жұмыс істей алмайды. Дегенмен бұл талап білім беру ұйымдарындағы жұмысқа, сондай-ақ заңнамаға сәйкес көмек көрсетілетін төтенше және дағдарыстық жағдайларға қолданылмайды.

Психологиялық жұмыс басталмас бұрын клиент міндетті түрде хабардар етілген келісім беруі тиіс.

Заң талаптарын бұзған мамандарға айыппұл салынады.

Тэгтер:

заң Қасым-Жомарт Тоқаев