«Өзіміз қолынан жетектеп апарған қызымыз» - Тұрсынбек Қабатов қуанышты жаңалығымен бөлісті

3 шілде, 2026 / Arasha.kz
СУрет ашық дереккөзден алынған

Белгілі әзілкеш әрі актер Тұрсынбек Қабатов отбасындағы қуанышты жаңалығын бөлісіп, тұңғыш қызы Әдемінің шетелдік университетті тәмамдағанын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Өнер иесінің қызы Әдемі Дубайдағы беделді жоғары оқу орындарының бірін аяқтап, бес жылдық оқуын сәтті тәмамдаған. Осы сәтте Тұрсынбек Қабатов қызының шетелде білім алуына себепкер болған азаматтарға ерекше алғыс білдірді.

Әзілкештің айтуынша, кезінде қызының Қазақстанда білім алуын жоспарлаған. Алайда бір кездесуде мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов оған күтпеген кеңес берген.

«Иманғали Нұрғалиұлына алғысымды айтқым келеді. Ол кісі “Егер балаларыңды шетелде оқытпасаң, не үшін жұмыс істеп жүрсің? Қолдарыңнан келсе, шетелге оқытыңдар” деп айтқан еді», - деді Тұрсынбек Қабатов.

Осы кеңестен кейін актер білім саласының маманы Эльмира Суханбердиевамен ақылдасып, қызына Дубайдағы университетті таңдаған.

Өнер иесі бастапқыда қызын шетелге жалғыз жіберуге қорыққанын да жасырмады. Бірақ кейін бұл шешімнің дұрыс болғанына көз жеткізгенін айтты.

«Өзіміз қолынан жетектеп апарған қызымыздың Дубайды бітіріп, бес жылдан кейін дипломын алып тұрғанын көру – үлкен бақыт», - деп ағынан жарылды актер.

Айта кетейік, Тұрсынбек Қабатовтың бұл видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.

Тэгтер:

#Шоу бизнес #Қуанышты жаңалық #Жаңалық #Тұрсынбек Қабатов #Иманғали Нұрғалиұлы