Астана күніне орай ұйымдастырылған дрон шоуы көпшілік күткендей әсер қалдырмады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Әлеуметтік желілерде Астанада өткен дрон-шоу қызу талқыланып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, олар бірнеше күн бойы жарнамаланған қойылымды тағатсыздана күткен. Алайда шоу шамамен жарты сағатқа кешігіп басталып, небәрі 8 минутқа ғана созылған.
Көрермендердің сөзінше, көпшілік қала күніне орай ерекше мерекелік қойылым көрсетіледі деп күткен. Алайда аспанда коммерциялық банктің логотипі мен әлемге әйгілі әнші Энрике Иглесиастың алдағы концерттеріне арналған жарнамалық бейнелер көрсетілген.
Осыған байланысты әлеуметтік желі қолданушылары уақыттарын арнайы бөліп келгендерін айтып, мұндай ауқымды шараның жарнамалық сипатта өткені көңілдерінен шықпағанын жазуда. Кейбір тұрғындар бағдарламаның тым қысқа болғанын, ал енді бірі шоу кеш басталғандықтан көрермендердің ұзақ күтуге мәжбүр болғанын жеткізді. Тіпті куәгерлердің айтуынша, көпшіліктің арасында кішкентай балалардың жылап қалған жағдайлары да болған.
Желі қолданушыларының пікірінше, Астана күніне арналған мерекелік шара ең алдымен қала тұрғындары мен қонақтарына арналуы тиіс еді. Сондықтан көрсетілімнің басым бөлігінің коммерциялық мазмұнда болғаны қоғамда түрлі пікір туғызды.
Осы мәселеге байланысты дрон-шоуды ұйымдастырған компания ресми түсініктеме берді. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бүгінгі дрон-шоу әлемге әйгілі әнші Энрике Иглесиастың Қазақстандағы алдағы концерттерін насихаттауға арналған коммерциялық жарнамалық науқан аясында өткізілген.
Компанияның хабарлауынша, әнші 3 қыркүйекте Астанадағы «Астана Арена» стадионында, ал 5 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда концерт береді. Осыған байланысты жарық шоуы барысында аспанда алдағы концерттерге арналған арнайы композициялар көрсетілген.
Сондай-ақ ұйымдастырушылар дрон-шоудың Астана күніне арналған ресми мерекелік бағдарламаның құрамына кірмегенін атап өтті.
Айта кетейік, ұйымдастырушылардың бұл түсіндірмесі Zakon.kz жариялаған ақпарат негізінде белгілі болды.