Қазақстанда ғылыми мақалалар ашық түрде сатылып жатыр

Бүгін, 12:33 / Arasha.kz
Фото: коллаж arasha.kz

Қазақстанда ғылыми мақалалар мен диссертацияларды ақылы түрде жазып беру қызметтері қоғамда қызу талқылана бастады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәжірибе академиялық адалдық қағидаларын өрескел бұзып, ғылымның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. 

«Scopus мақаласын жазып береміз» деген жарнамалар көбейген

Newtimes.kz редакциясының жазуынша, Әлеуметтік желілерде Scopus базасына енетін ғылыми мақалалар мен ғылыми дәрежеге қажетті еңбектерді тапсырыспен жазып беру қызметтері ашық жарнамалануда. Мұндай ұсыныстарды зерттеушілер ғылымды коммерцияландырудың қауіпті көрінісі деп бағалап отыр. 

Қазақстандық зерттеуші Амина Амутова мұндай қызметтердің академиялық этикаға қайшы екенін айтып, ғылыми еңбек жазуды кәсіпке айналдыру ғылым сапасына үлкен қауіп төндіретінін мәлімдеді. 

«Өзі ғылыми мақала жарияламаған адам өзгеге ғылым үйретіп жүр»

Ғалымның айтуынша, физика саласы бойынша ғылыми жұмыс жазып беруді ұсынған жарнама авторының өзінің халықаралық ғылыми жарияланымдары жоқ әрі PhD диссертациясын әлі қорғамаған.

Ол ғылымда кеңес беру мен мақала жазуды үйрететін курстарды қолдайтынын, бірақ өзгеге бағыт-бағдар беру үшін алдымен адамның өзі ғылыми тәжірибе жинақтап, беделді журналдарда жарияланған еңбектері болуы қажет екенін атап өтті. 

Ғылыми беделден айырылу қаупі бар

Сарапшылардың айтуынша, тапсырыспен жазылған мақалаларды пайдалану ғылыми жарияланымның кері қайтарылуына (ретракция), сондай-ақ автордың ғылыми беделінен айырылуына әкелуі мүмкін. Бұл академиялық адалдық талаптарының бұзылуы ретінде бағаланады. 

Әлеуметтік желі қолданушылары да сынға алды

Бұл мәселе әлеуметтік желілерде де қызу талқыланды. Көпшілік ғылыми жұмыстардың ақшаға сатылуын ғылымға жасалған қиянат деп бағалады.

Пікір білдірушілердің бірі Қазақстанда ғылыми дәреже қорғаудан әдейі бас тартқанын айтып, мұндай жағдайлардың ғылыми атақтың құнын төмендететінін жазған.

Тэгтер:

ғылым сату ғылыми мақала академиялық адалдық