Алматы облысындағы Астана - Қарағанды - Алматы республикалық маңызы бар автожолының бір бөлігінде жөндеу жұмыстарына байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлайды Arasha.kz, Liter.kz-ке сілтеме жасай отырып.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, 2026 жылғы 8-18 шілде аралығында KAZ-01 автожолының орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты Ақсай - Жібек жолы учаскесінің 1177-1186 шақырымдары аралығында күн сайын сағат 06:00-ден 20:00-ге дейін көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Жөндеу жұмыстары кезінде жүргізушілер үшін арнайы айналма жол ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, 8 шілдеден бастап Күрті - Шабыт учаскесінің 1121-1177 шақырымдары қайтадан көлік қозғалысы үшін ашылады.
«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге жолға шығар алдында бағытын алдын ала жоспарлап, уақытша қойылған жол белгілерінің талаптарын қатаң сақтауға және жөндеу жұмыстарына түсіністікпен қарауға шақырды.