"Асқазаным өз-өзін жеп жатыр": Мәңгі жас болуды қалаған миллиардер жазылмайтын ауруға шалдықты

Бүгін, 09:42 / Ахмет Қанатұлы
instagram.com/bryanjohnson_

Қартаюды тоқтатып, ұзақ өмір сүруді мақсат еткен америкалық миллиардер Брайан Джонсон жазылмайтын аутоиммунды ауруға шалдыққанын мәлімдеді. Өзін биохакер деп атайтын кәсіпкердің сөзінше, оның ағзасы өз асқазанына шабуыл жасап жатыр, деп Arasha.kz тілшісі New York Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жас қалу үшін түрлі тәжірибе жасап жүрген Брайан Джонсонға аутоиммунды гастрит диагнозы қойылған. Бұл ауру кезінде иммундық жүйе асқазанның шырышты қабатындағы сау жасушаларды зақымдайды.

"Менің асқазаным өз-өзін жеп жатыр", – деп жазды Джонсон әлеуметтік желіде.

Кәсіпкер бұл дертті "шешудің" жолын табуға үміттенетінін айтқанымен, қазіргі медицинада оның толық емделмейтінін мойындады. Аутоиммунды гастрит В12 дәруменінің тапшылығына, қаназдыққа және ұзақ мерзімде қатерлі ісік қаупінің артуына әкелуі мүмкін.

Джонсон диагнозды мамыр айында алғанын айтты. Оның сөзінше, аурудың нақты қашан пайда болғаны белгісіз. Дегенмен ол мұның бала кезіндегі дұрыс тамақтанбау әдеттерімен немесе жиырмадан асқан шағында денсаулығы әлсіреп, артық салмақ қосқан кезеңімен байланысты болуы мүмкін екенін болжайды.

"Аутоиммунды гастрит асқазанға қайтымсыз зақым келтіруі мүмкін. Ол қоректік заттардың жетіспеушілігіне, анемияға және ұзақ мерзімді қатерлі ісік қаупінің жоғарылауына алып келеді", – деді ол.

48 жастағы кәсіпкер қазір ағзасындағы миллиондаған иммун жасушаларын зерттеу үшін қан талдауларын тапсырып жатқанын жеткізді. Оның мақсаты – асқазанның шырышты қабатына шабуыл жасап жатқан жасушаларды анықтау.

"Оларды анықтасақ, сол жасушаларды тоқтату үшін қандай ем бағытын таңдау керегін білеміз", – деді Джонсон.

Брайан Джонсон 2013 жылы төлемдерді өңдеумен айналысатын компаниясын 800 миллион долларға сатып, қаржысының бір бөлігін қартаю процесін баяулатуға бағытталған жобаларға жұмсаған. Ол жыл сайын шамамен 2 миллион долларын медициналық бақылауға, сарапшылар тобына және ағзасын зерттеуге бағыттайды.

Миллиардер бұған дейін өзінің жүрегі 37 жастағы адамның жүрегіндей, терісі 28 жастағы адамның терісіндей, өкпесінің сыйымдылығы 18 жастағы адамның деңгейінде екенін мәлімдеген. Сондай-ақ ол жас қалу мақсатында жасөспірім ұлынан қан құю тәжірибесін жасағаны үшін де көпшілік назарында болған.

Джонсон күнделікті қатаң режим ұстанатынын айтады. Ол таңғы 5-те тұрып, бір сағат бойы жаттығу жасайды, ондаған қоспа қабылдайды, ұйқы режимін бақылайды және кешке көк жарықты сүзетін арнайы көзілдірік тағады. Кәсіпкер өз ағзасын қартаюға қарсы тәжірибенің нысанына айналдырғанын жасырмайды.

Тэгтер:

Брайан Джонсон қан