"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов қызметінен кетті. Оның өкілеттігі ұлттық компанияның акционері – "Самұрық-Қазына" АҚ шешімімен мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ресми хабарламада акционер шешімімен "ҚТЖ" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Талғат Сағиұлы Алдыбергеновтің өкілеттігі тоқтатылғаны айтылған.
Әзірге ұлттық теміржол компаниясының жаңа басшысы кім болатыны белгісіз.
Талғат Алдыбергенов ҚТЖ басқарма төрағасы қызметіне 2025 жылдың шілде айында тағайындалған еді. Ол еңбек жолын 1992 жылы бастаған. Әр жылдары Батыс Қазақстан темір жолында станса кезекшісі, коммерциялық бөлім басшысы және бөлімше бастығы қызметтерін атқарды.
Кейін «Қазтеміртранс» пен "Кедентранссервис" сияқты логистикалық компанияларда басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.
2008-2019 жылдары "Кедентранссервис" АҚ президенті, "АвтоГазАлматы" директорлар кеңесінің төрағасы, сондай-ақ «Kazakhmys Maker» компаниясының басқарма төрағасы болды. 2024 жылдан бастап "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған.