Ақмола облысының Бурабай ауданында квадроцикл апатынан 22 жастағы қыз қаза тапты. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Полицияның алдын ала мәліметінше, жол апаты 7 шілде күні Зеленый Бор мен Бурабай ауылдарының арасындағы жол учаскесінде болған. 22 жастағы Мәскеу тұрғыны квадроцикл тізгіндеп келе жатып, рөлге ие бола алмай қалған. Салдарынан көлік аударылып, жүргізуші алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Квадроциклде жолаушы да болған. 2007 жылы туған Астана тұрғыны медициналық көмекке жүгінген.
Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға кірісті.
Тергеу барысында квадроциклдерді жалға беру орнының жұмысы, техниканы жалға алу кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуы және қайғылы жағдайға себеп болуы мүмкін өзге де жайттар тексеріледі.