Жетісу облысында кәмелетке толмаған қыздың интимдік сипаттағы фотосуреттері мен бейнематериалдарын заңсыз таратып, одан пайда тапты деген күдікпен 22 жастағы азамат ұсталды, деп хабарлайды Arasha.kz, Qaz365.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Жетісу облысы Полиция департаментінің мәліметінше, заңсыз контентті тарату дерегі киберқылмысқа қарсы күрес жүргізетін қызметкерлердің арнайы жедел іс-шаралары барысында анықталған.
Тергеу мәліметінше, күдікті алдымен TikTok әлеуметтік желісі арқылы кәмелетке толмаған қызбен танысып, кейін байланысын мессенджерде жалғастырған. Ол қыздың сеніміне кіріп, психологиялық қысым көрсетіп, қорқыту арқылы, сондай-ақ 20 мың теңге көлемінде сыйақы беремін деп уәде етіп, интимдік сипаттағы фотосуреттері мен бейнематериалдарын алған.
Кейін күдікті бұл материалдарды мессенджерлердегі жабық арналар арқылы заңсыз таратып, одан материалдық пайда тапқан деген күдікке ілінді.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Ол Алакөл ауданының 22 жастағы тұрғыны болып шықты.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр. Сонымен қатар оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.