Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар пойыз билеттеріне қатысты жаңа өзгерісті қызу талқылауда. Жолаушылардың айтуынша, енді көптеген бағыттарда төменгі орындардың бағасы жоғарғы орындарға қарағанда қымбат болып көрсетіледі, деп хабарлайды Arasha.kz.
Threads және басқа да әлеуметтік желілерде жарияланған жазбаларда тұрғындар бұл өзгеріске наразылық білдіруде. Олардың сөзінше, бұрын жоғарғы және төменгі орындардың бағасы бірдей болса, енді төменгі орын үшін бірнеше мың теңге артық төлеуге тура келеді.
Алайда бұл жаңашылдықты қолдайтындар да бар. Кейбір желі қолданушылары төменгі орынға көбірек ақша төлеген жолаушының өз орнын басқа адамға, әсіресе жол үстінде ауыстыруды сұрайтындарға бермеуге толық құқығы болуы керек деген пікірде.
«Енді төменгі орынды қымбатқа сатып алған адамнан “әжеме беріңізші”, “ауысып жіберіңізші” деп сұрайтындар азаяды», - деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір бөлігі мұндай тәсіл төменгі орындарға сұранысты реттеуге мүмкіндік береді деп есептесе, енді бірі алдымен жолаушылар вагондарының жағдайын жақсартып, содан кейін ғана баға саясатын өзгерту керек деген пікір білдірді.
Әзірге «Қазақстан темір жолы» бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.