Иранның бұрынғы рухани жетекшісі, елді 37 жыл басқарған аятолла Әли Хаменеиді жерлеу рәсімі 9 шілде күні Мешхед қаласында өтуі тиіс, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, бастапқыда жерлеу рәсімі таңертең басталады деп жоспарланған. Алайда кейбір БАҚ оның кешкі уақытқа ауысуы мүмкін екенін жазды. Бұған көрші Ирактағы қоштасу рәсімдерінің әлі толық аяқталмауы себеп болуы ықтимал.
Қазір Наджаф пен Кербала қалаларында аятолламен қоштасу шаралары жалғасып жатқаны айтылады. Осыған байланысты Хаменейдің денесі салынған табытты Мешхедке жеткізу уақыты кейінге шегерілуі мүмкін деген ақпарат тарады. Дегенмен бұл мәліметті Иран билігі ресми түрде растаған жоқ.
Әли Хаменеймен қоштасу рәсімдері 4 шілдеде басталған. Оның қайтыс болғанына 120 күннен асса да, жерлеу шарасы Иран мен АҚШ арасындағы соғысқа байланысты кейінге қалдырылған. Екі тарап уақытша бітімге келгеннен кейін арнайы рәсімдер ұйымдастырылып, бірнеше күнге созылды.
Тегерандағы Имам Хомейни атындағы Мусалла орталық мешітіне қойылған табытпен қоштасуға ондаған мың адам жиналды. Кейін рәсімдер Ираннан тыс жерлерде де жалғасып, Ирактың шииттер үшін қасиетті саналатын қалаларында өтті.
Әли Хаменей Ирандағы ең ықпалды саяси және діни тұлғалардың бірі болған. Ол ондаған жыл бойы елдің ішкі және сыртқы саясатына шешуші ықпал етіп келді. Сондықтан оның жерлеу рәсімі Иран үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін маңызды саяси оқиғаға айналып отыр.