"Жалғыз әпкемнен айырылдым": Бала Жамбыл отбасындағы ауыр қайғыны еске алды

Бүгін, 11:38 / Ахмет Қанатұлы
Dalanews.kz коллажы

Танымал жас ақын "Бала Жамбыл" журналист Жылқышыбайға берген сұхбатында соңғы жылдары көпшілік назарынан неге алыстап кеткенін ашық айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ақынның сөзінше, оның өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі 2020 жылы болған. Сол жылы ол өзіне ерекше жақын болған әпкесінен айырылып, бұл қаза бүкіл отбасына ауыр соққы болып тиген.

"2020 жылы өмірімді күрт өзгерткен жағдай болды. Мойныма таққан тұмарымдай болған жалғыз әпкемнен, сырласым әрі ең жақын адамымнан айырылып қалдым. Осы жағдайдан кейін өзімді тастап жібердім. Жұмыстан да шығып кеттім. Тек үйде жаттым, жылай беретінмін", – деді ол.

Бала Жамбыл әпкесінің қазасынан кейін әлеуметтік желіден де, көпшілік ортадан да алыстап кеткенін айтты. Оның сөзінше, ауыр қайғы анасына да қатты әсер еткен.

"Әпкемнің қазасы отбасымызға өте ауыр тиді. Әлеуметтік желіні ұмыттым, ешкіммен байланыспадым. Өзімді қолға алуға бірінші себеп болған адам – анам. Әпкем қайтқан соң анам мүлде жатып қалды", – деді ақын.

Ол бұған дейін де жақын адамынан айырылғанын айтып, өзінің әжесінің тәрбиесінде өскенін жеткізді. Ақын үшін әжесі мен әпкесі өміріндегі ең жақын жандардың бірі болған.

Бала Жамбыл ауыр қайғыдан кейін шығармашылықтан да қол үзіп қалғанын жасырмады. Оның айтуынша, шамамен он жыл бойы ақындықтан алыстап, өмірге деген құлшынысы төмендеген кездері болған.

"Өмірден көңілім қалып, күдер үзген сәт болды. Бірақ олай болмайтынын түсіндім. Тек өзімді ойлап кетіп қалсам, әулетім жылап қалады", – деді ол.

Ақынның сөзінше, қиын кезеңнен шығуына анасы мен отбасы алдындағы жауапкершілік себеп болған. Жақындарының өзіне қарап қалғанын түсінген ол біртіндеп есін жиып, өзін қолға ала бастаған.

Тэгтер:

ақын бала Жамбыл әпке