Алматылық полицейдің қазасына қатысты жаңа деректер белгілі болды

Бүгін, 11:43 / Алуа Әшірбекова
Сурет: Dala News

Алматы облысында денесі өртенген күйде табылған полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты жаңа мәліметтер тарады, деп хабарлайды Arasha.kzDalanews.kz-ке сілтеме жасап.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, қайғылы оқиға Полиция күні қарсаңында болған. Сол күні марқұм жұмыстан кеш оралғаннан кейін үй ішінде тұрмыстық жанжал туындап, оның соңы қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін.

Бейресми мәліметтерде Аслан Әлсеров пен жұбайының арасында бұған дейін де отбасылық кикілжіңдер болғаны айтылады. Алайда бұл ақпаратқа құқық қорғау органдары әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Тергеудің алдын ала нұсқасына сәйкес, жанжал кезінде әйелдің 15 жастағы екі ұлы мен олардың 14 жастағы танысы оқиға орнына келген. Тергеушілердің болжамынша, жасөспірімдердің бірі полицейдің басынан қатты затпен соққы жасаған болуы мүмкін. Қазіргі уақытта соққының нақты қандай затпен жасалғаны анықталып жатыр.

Сондай-ақ бейресми ақпарат бойынша, ес-түссіз жатқан ер адамның қол-аяғы байланып, денесі көрпеге немесе жаймаға оралған. Кейін оны көлікке салып, Алматы облысының Кеген ауданына алып кеткен болуы мүмкін.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдіктілер Көкпек - Көктал - Кеген тас жолы маңында тоқтап, полицейдің денесін таулы аймақта өртеген деген болжам бар. Марқұмның денесін жоғалған малын іздеп жүрген жергілікті тұрғын тауып, полицияға хабарлаған.

Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, іске қатысы болуы мүмкін тұлғалардың ұялы телефондары тексеріліп жатыр.

Алдын ала ақпарат бойынша, марқұмның жұбайы Арайлым Әлсерова, оның екі ұлы және 14 жастағы жасөспірім ұсталған. Алайда олардың кінәсін мойындағаны туралы ақпаратты құқық қорғау органдары әзірге ресми түрде растаған жоқ.

Еске салайық, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін ешкім кінәлі деп танылмайды.

Аслан Әлсеров құқық қорғау органдарында шамамен 10 жыл қызмет еткен. Ол арнайы жедел әрекет ету бөлімінде еңбек жолын бастап, кейін Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының қылмыстық полиция бөлімінде аға детектив қызметін атқарған.

Тэгтер:

#Дау #Резонанс #Полиция #Полиция өлімі #Жаңа мәліметтер