Аяқ киім фабрикасындағы алапат өрттен 28 адам қаза тапты

Бүгін, 11:56 / Алуа Әшірбекова
Фото: Xinhua

Аяқ киім шығаратын фабрикада болған ірі өрт салдарынан 28 адам көз жұмды, деп хабарлайды Arasha.kz, Liter.kz-ке сілтеме жасап.

Өрт жергілікті уақыт бойынша 9 шілде күні сағат 12:04 шамасында тұтанған. Оқиға кезінде кәсіпорын ғимаратында 237 жұмысшы мен жеткізу қызметінің екі қызметкері болған.

Өртті сөндіру және адамдарды құтқару жұмыстарына 500-ден астам өрт сөндіруші жұмылдырылды. Құтқарушылар 213 адамды эвакуациялай алған.

Алайда зардап шеккен екі адам ауруханада көз жұмды. Бұдан бөлек, бұған дейін хабар-ошарсыз кетті деп есептелген тағы 26 адамның мәйіті табылды. Осылайша, қаза тапқандар саны 28 адамға жетті.

Оқиғадан кейін құқық қорғау органдары фабрика иесі мен өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзды деген күдікке ілінген бірнеше жауапты тұлғаны ұстады. Тергеу аяқталғанға дейін компанияның банктік шоттары бұғатталды.

Қазіргі уақытта оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Билік кінәлілер заң аясында қатаң жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, қайғылы оқиға Қытайдың Фуцзянь провинциясындағы Цзиньцзян қаласында болған.

Тэгтер:

#өрт #Үлкен өрт #Фабрика #Өртті сөндіру және адамдарды құтқару #Зардап шегу