Петропавл қаласында тыйым салынған «Қыздар.нет» сайты арқылы жеңгетайлыққа көмектесті деп айыпталған трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың алты мүшесіне қатысты алғашқы сот үкімі шықты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық іс 2025 жылдың мамыр айында тіркелген. Оны Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті, Қаржылық мониторинг агенттігі, Ішкі істер министрлігі және Бас прокуратураның үйлестіруімен құрылған арнайы тергеу тобы сегіз ай бойы жүргізген. Құқық қорғау органдары цифрлық іздерді зерттеп, криптовалюта арқылы жасалған қаржылық операцияларды және халықаралық серверлік инфрақұрылымды тексерген.
Тергеу барысында күдіктілердің бүкіл Қазақстан бойынша интимдік қызмет көрсететін адамдардың анкеталарын жарнамалап, сайттың жұмысын әкімшілендіргені, сондай-ақ ұйымдастырушылардың мүддесіне криптовалютамен қаржылық операциялар жүргізгені анықталған. Күдіктілер өткен жылдың шілде айында Астана және өзге қалаларда өткен арнайы операция кезінде ұсталған.
Сот алдында төрт әйел мен екі ер адам жауап берді. Олар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу, сондай-ақ қылмыстық топ құрамында жеңгетайлықты ұйымдастыру баптары бойынша кінәлі деп танылды. Айыпталушылардың біріне заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру айыптары да тағылды. Сот үкімімен қылмыстық топтың жетекшісі 10 жылға, ал бес негізгі қатысушының әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Полицияның мәліметінше, бұл іс бойынша жедел-іздестіру шаралары әлі де жалғасып жатыр. Сайт қызметіне қатысы бар тағы бір күдікті Грузияда ұсталып, оны Қазақстанға экстрадициялау рәсімі жүргізілуде.
Тергеу нұсқасына сәйкес, сайттың ай сайынғы табысы 500 миллион теңгеден асуы мүмкін болған. Тінту кезінде 144 миллион теңге қолма-қол ақша, 1,3 миллион доллардан астам қаражат, 300 мың доллардан астам криптовалюта, қару-жарақ, 150-ге жуық компьютерлік техника, автокөліктер мен іске қатысты өзге де айғақтар тәркіленген.