Израиль барлауы Иранның Трампқа қастандық жоспары барын мәлімдеді

Бүгін, 11:39 / Ахмет Қанатұлы
Peter Kramer/NBC via Getty Images. Суретте: Дональд Трамп

Израиль барлау қызметі Иран билігі АҚШ президенті Дональд Трампқа қастандық жасауды жоспарлап отыр деген мәлімет таратты. Тиісті ақпарат Вашингтонға жолданған. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы хабарлады.

Басылым дерегінше, Тегеран бұған дейін жасалған жоспарларды қайта қарап, оларды жаңартқан. Иран билігі 2020 жылы генерал Қасем Сүлеймани АҚШ-тың әуе соққысынан қаза тапқаннан кейін Дональд Трамптан кек алуға уәде берген еді.

Сүлеймани Бағдад әуежайы маңында MQ-9 Reaper ұшқышсыз аппаратының соққысынан көз жұмған. Осыдан кейін Иран АҚШ-тың өңірдегі әскери нысандарына шабуыл жасап, Трампқа қарсы ықтимал әрекеттерді қарастыра бастаған.

WSJ мәліметінше, Израиль барлауы анықтаған қастандық жоспары кейінгі уақытта қайта пысықталған. CNN телеарнасы да шабуылдың нақты жоспары туралы ақпарат бар екенін жазды.

Дереккөздер Иран билігінің мұндай әрекетке баруына 2026 жылғы 28 ақпанда аятолла Әли Хаменеидің қаза табуы себеп болуы мүмкін екенін алға тартады.

Дональд Трамп та журналистерге Иранның нысанасына айналғанын айтқан.

"Олар АҚШ президентін, яғни мені жойғысы келеді. Мен олардың барлық тізімінде тұрғанымды көрдім", – деді ол.

Әзірге бұл мәліметті АҚШ пен Иран билігі ресми түрде толық растаған жоқ. Ақпарат шетелдік БАҚ пен барлау деректеріне негізделген.

Тэгтер:

президент АҚШ Дональд Трамп