Бишімбаев ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы ретінде көпшілікке танылған бұрынғы прокурор Айжан Аймағанова депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылуына қатысты алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, кейінгі күндері әлеуметтік желілерде «Әділет» партиясы атынан депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылғаны қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты ол өз шешімін жұртшылыққа түсіндіруді жөн көрген.
Айжан Аймағанова прокуратура органдарында ұзақ жылдар еңбек етіп, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға атсалысқанын атап өтті.
Ол депутаттыққа кандидат ретінде тіркелуіне байланысты қолданыстағы заң талаптарына сәйкес прокуратурадағы қызметінен кеткенін мәлімдеді.
"Бұл – заңның талабы, мен оны толық орындадым. Шешімді саналы түрде қабылдадым. Кәсіби тәжірибем мен білімім заң шығару саласында және азаматтарды алаңдататын мәселелерді шешуде пайдалы болады деп сенемін", – деп жазды Аймағанова.
Сондай-ақ ол өзіне қолдау білдіріп, пікір қалдырған азаматтарға алғыс айтты. Бұдан бөлек, алдағы уақытта қоғаммен ашық диалог жүргізуге дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевқа қатысты резонансты қылмыстық іс барысында мемлекеттік айыптаушы ретінде танылған болатын.