"1000 зымыран Иранға бағытталды": Трамп Тегеранға жойқын соққы жасайтынын ескертті

Бүгін, 15:42 / Ахмет Қанатұлы
Pool/Getty Images. Суретте: Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран тарапынан өзіне қастандық жасау әрекеті болған жағдайда, Тегеранға бұрын-соңды болмаған әскери соққы жасалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында АҚШ әскеріне алдын ала тиісті бұйрық берілгенін жазды.

"Мың зымыран толық дайын тұр және Иран Ислам Республикасына бағытталған. Егер Иран тарапынан қауіп төнсе, олардың артынан тағы мыңдаған зымыран ұшырылады", – деді АҚШ президенті.

Ол америкалық әскери күштердің қажет болған жағдайда Иран аумағындағы нысандарға ұзақ мерзімді әрі ауқымды соққы жасауға дайын екенін алға тартты. Трамптың қатаң мәлімдемесіне Иранда АҚШ басшысына қастандық жасауға үндеген үндеулердің таралуы себеп болған.

Бұл мәлімдеме Ормуз бұғазындағы жағдайдың қайта шиеленісуімен тұспа-тұс келді. Вашингтон Тегераннан коммерциялық кемелерге жасалатын шабуылдарды тоқтататынын ашық жариялап, стратегиялық су жолы арқылы қауіпсіз әрі еркін қатынауға кепілдік беруді талап етті.

АҚШ тарапы Иранға ресми жауап беру үшін 24 сағат уақыт берген. Вашингтон тиісті мәлімдеме Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи мен Оманның сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаидидің Маскаттағы кездесуінен кейін жасалады деп күтеді.

Кездесуде Ормуз бұғазы арқылы кемелердің қауіпсіз өту тетіктері мен аймақтағы жағдайды тұрақтандыру мәселелері талқыланбақ.

АҚШ әкімшілігі Иран талапты орындамаған жағдайда, оның "ауыр салдарға" тап болатынын ескертті. Ал Трамптың мың зымыран туралы мәлімдемесі Вашингтон мен Тегеран арасындағы онсыз да күрделі қарым-қатынасты одан әрі ушықтырды.

Тэгтер:

Иран АҚШ Дональд Трамп зымыран