14 ер адамға қатар тұрмысқа шыққан әйелдің алаяқтығы әшкереленді

Бүгін, 16:36 / Алуа Әшірбекова
Docinets Vasil/iStock / Getty Images Plus

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында 33 жастағы әйел бірнеше ер адаммен жалған некеге тұрып, оларды ірі көлемде қаржыға алдағанын мойындады, деп хабарлайды Arasha.kzIndependent басылымына сілтеме жасап.
 

Тергеу мәліметінше, Цзяин Чэнь әлеуметтік желілер арқылы ер адамдармен танысып, кейін олармен ресми некеге отырған. Біраз уақыт өткен соң Қытайдағы ауыр науқас туыстарына көмек қажет екенін айтып, күйеулерінен ақша сұраған. Қаражатты алғаннан кейін олармен байланысын үзген.

Құқық қорғау органдарының дерегіне сәйкес, 2019 жылдың наурызынан 2024 жылдың мамырына дейін Чэнь Кларк округінде жеті неке куәлігін рәсімдеген. Кейін ол алаяқтық және екі адаммен қатар некеде болды деген күдікпен ұсталғанымен, келу туралы міндеттеме алып бостандыққа шыққан. Алайда артынша құқық қорғау органдарынан бой тасалап кеткен.

Кейін әйел Лас-Вегаста қайта қолға түскен. Тергеу барысында оның бұл жолы Вики Лян деген жалған есімді пайдаланып, тағы жеті ер адаммен некеге тұрғаны белгілі болды. Осылайша оның жалған некелерінің жалпы саны кемінде 14-ке жеткен.

Жәбірленушілердің бірі әйелдің өтініші бойынша «науқас туысына көмек көрсету» үшін оған 23 мың доллар аударған. Алайда екі аптадан кейін Чэнь бірге тұрғысы келмейтінін айтып, байланысын үзген.

Тағы бір азамат әйелдің ортақ үй сатып алу туралы ұсынысына сеніп, шамамен 30 мың доллар берген. Кейін ол да әйелмен байланыса алмай қалған.

Тергеу кезінде Цзяин Чэнь жалған некелерді әдейі Лас-Вегаста тіркегенін мойындаған. Оның сөзінше, бұл қалада некеге тұру рәсімі басқа өңірлерге қарағанда жеңіл жүзеге асады.

Сондай-ақ тергеушілер соңғы бір жылдың ішінде әйелдің Лас-Вегастағы әйгілі Wynn казиносында 300 мың доллардан астам қаржыны құмар ойынға ұтылғанын анықтады. Бастапқыда «туыстарына көмек қажет» деп жиналған ақшаның басым бөлігі дәл осы құмар ойындарға жұмсалған.

Осы аптада Цзяин Чэнь екі адаммен қатар некеде болу және 100 мың доллардан астам қаржыны алаяқтық жолмен иемдену бойынша тағылған айыптарды толық мойындады. Сот үкімі 20 тамызда жарияланады.

Тэгтер:

#Тергеу #жалған неке #Алаяқтық #Аса ірі көлемді қаржы