Найзағай, дауыл және өрт қаупі: 12 шілдеге арналған ауа райы болжамы

Бүгін, 09:30 / Ахмет Қанатұлы
pexels.com

"Қазгидромет" РМК 12 шілдеге Астана, Шымкент қалалары мен еліміздің барлық облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты ескерту жариялады. Бірқатар өңірде найзағай, бұршақ, шаңды дауыл мен екпінді жел күтілсе, кей жерлерде төтенше өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қызылорда облысының шығысы мен орталығында шаңды дауыл тұрып, солтүстік және солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/с-ке жетеді. Өңірде жоғары, ал орталық және оңтүстік-шығыс аудандарда төтенше өрт қаупі сақталады.

Атырау облысының батысы мен солтүстігінде түнде аздап жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оңтүстігінде тұман түсіп, күндіз желдің жылдамдығы 15–18 м/с болады. Атырау қаласында да екпінді жел күтіледі.

Алматы облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз облыстың оңтүстігі мен таулы аймақтарында жел екпіні 15–20 м/с-ке жетеді. Осындай ауа райы Алматының Медеу және Бостандық аудандарының таулы бөліктерінде де болжанып отыр.

Түркістан облысының таулы аудандарында найзағайлы жаңбыр жауады. Батыс және солтүстік аудандарда шаңды дауыл тұрып, жел 15–20 м/с жылдамдықпен соғады. Өңірдің басым бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Шымкентте де екпінді жел мен жоғары өрт қаупі күтіледі.

Батыс Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болжанды. Түнде солтүстік аудандарда нөсер жауын болуы мүмкін. 12–15 шілде аралығында ауа температурасы 35–38 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады.

Маңғыстау облысының батысында түнде және таңертең тұман түседі. Солтүстік және орталық аудандарда желдің екпіні 15–18 м/с-ке жетіп, бірқатар аумақта жоғары өрт қаупі сақталады.

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында желдің жылдамдығы 15–20 м/с, кей жерлерде 23 м/с-ке дейін күшейеді. Екі өңірдің де бірнеше ауданында жоғары және төтенше өрт қаупі жарияланды.

Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде аздап жаңбыр жауып, найзағай ойнайды және бұршақ түсуі ықтимал. Ақтөбе облысының кей аудандарында да найзағайлы жаңбыр мен 15–18 м/с жылдамдықтағы жел күтіледі.

Жетісу облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Алакөл көлдері ауданында жел екпіні кей уақыттарда 23–28 м/с-ке дейін жетуі мүмкін.

Жамбыл облысының таулы аймақтарында найзағайлы жаңбыр жауып, солтүстік-шығысында шаңды дауыл тұрады. Желдің жылдамдығы 15–20 м/с болады. Облыстың батысы мен солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең батыс аудандарда тұман түседі, ал жел екпіні 15–20 м/с-ке жетеді.

Ақмола, Ұлытау, Қарағанды және Павлодар облыстарының бірқатар бөлігінде жоғары немесе төтенше өрт қаупі сақталады. Астанада күндіз ауа температурасы 35–37 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады.

Синоптиктер тұрғындарды ауа райының қолайсыздығы кезінде сақтық шараларын сақтап, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзбауға шақырды.

Тэгтер:

ауа райы ауа райы болжамы 12 шілде