Тележүргізуші Динара Сәтжан болашақ келініне сырға салғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Динара Сәтжанның айтуынша, болашақ келіні Айнұрды төрт жылдан бері таниды. Ұлы әскерде жүрген кезде екеуі бірге барып, қолдау көрсеткенін еске алған тележүргізуші сол сәттен бастап Айнұрдың ұлына сенімді серік болатынына көзі жеткенін жазды.
«Сол кезде ұлымның жар таңдауда қателеспегеніне риза болдым. Айнұр тек сүйген жары ғана емес, ұлымның артындағы сенімді тірегі болатынына көзім жетті», - деп жазды ол.
Сондай-ақ Динара Сәтжан сырға салу рәсімін қазақ халқының тағылымға толы, отбасы құру жолындағы ең маңызды дәстүрлерінің бірі екенін атап өтті.
Оның сөзінше, екі жақ құдалар кездесіп, ақ батасын алған. Тележүргізуші енді ұлының үлкен тойына дайындық басталғанын айтып, алдағы қуанышты ерекше ықыласпен күтіп жүргенін жеткізді.
«Алда ұлымның үлкен тойы. Қасымда ақылшы, жанашыр қос мамам, жөн-жоралғыны жақсы білетін қайын әпкелерім және жанымда тірек болатын жарым бар. Сондықтан тойдың дайындығын ерекше ықыласпен бастап кеттік», - деп жазды Динара Сәтжан.