Жаңбыр, найзағай мен дауыл: 13 шілдеге арналған ауа райы болжамы

Бүгін, 08:40 / Ахмет Қанатұлы
Uma Shankar sharma/Getty Images

13 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы күрт құбылады. Бірқатар өңірде нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, дауыл соғуы мүмкін. Сонымен қатар еліміздің кей аймақтарында аптап ыстық пен төтенше өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды Arasha.kz.

"Қазгидромет" мәліметінше, Астанада 13–15 шілде аралығында ауа температурасы 35-39 градусқа дейін көтеріледі. Елордада жоғары өрт қаупі де сақталады.

Алматы облысының тау бөктері мен таулы аудандарында таңертең және күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Алматы қаласында да күндіз жаңбыр мен найзағай күтіледі. Іле Алатауының Медеу және Бостандық аудандарына қарасты таулы бөліктерінде қолайсыз ауа райы болжанып отыр. Облыстың басым аумағында төтенше өрт қаупі сақталады.

Батыс Қазақстан облысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, дауыл тұруы ықтимал. Жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Соған қарамастан өңірде 35-38 градус аптап ыстық сақталады. Орал қаласында да жаңбыр мен найзағай күтіледі.

Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз ауа температурасы 35-36 градусқа дейін көтеріледі. Петропавлда найзағай ойнап, бұршақ жаууы ықтимал.

Қостанай облысының батысы, солтүстігі және шығысында жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болжанып отыр. Жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Қостанай қаласында да жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін.

Ақмола облысының батысы, солтүстігі және оңтүстігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Көкшетауда да қолайсыз ауа райы күтіледі.

Ақтөбе облысының солтүстік-шығысында аздап жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ақтөбе қаласында жел күшейеді. Өңірдің басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Маңғыстау облысының батысы мен солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды. Жел екпіні секундына 15-18 метрге дейін жетеді. Облыс аумағында жоғары өрт қаупі бар.

Атырау облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең өңірдің оңтүстігінде тұман түседі.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында күндіз найзағай күтіледі. Жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Өскемен қаласы мен облыстың бірқатар аумағында төтенше өрт қаупі сақталады.

Павлодар облысының солтүстігінде күндіз аздап жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Өңірде төтенше өрт қаупі жарияланған.

Қызылорда облысының солтүстігінде шаңды дауыл соғып, жел екпіні секундына 15-20 метрге жетуі мүмкін. Қызылорда қаласы мен облыс аумағында төтенше өрт қаупі сақталады.

Түркістан облысының батысы, солтүстігі және таулы аудандарында жел күшейеді. Шымкент пен Түркістан қалаларында да жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетіп, төтенше өрт қаупі сақталады.

Жамбыл облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың солтүстік-шығысында шаңды дауыл соғуы ықтимал. Тараз қаласында жоғары өрт қаупі сақталады.

Жетісу облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды. Жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Талдықорғанда жоғары өрт қаупі сақталады.

Абай облысында қатты жел соғып, оның екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Өңірде төтенше өрт қаупі бар.

Қарағанды және Ұлытау облыстарында жауын-шашын күтілмейді. Алайда екі өңірде де жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Синоптиктер тұрғындарға найзағай мен дауыл кезінде ашық алаңдарда, ағаштар мен электр желілерінің маңында тұрмауға кеңес береді. Жүргізушілерге жолдағы көріну деңгейінің нашарлауына байланысты сақтық шараларын күшейткен жөн.

Тэгтер:

ауа райы ауа райы болжамы 13 шілде