Ақмола облысында қайғылы оқиға болып, 8 және 12 жастағы екі әпкелі-сіңлілі қыз көз жұмды, деп хабарлайды Arasha.kz, bairaq_media-ға сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдай 11 шілде күні Целиноград ауданына қарасты Қызылжар ауылы маңындағы жасанды су қоймасында болған.
Ақпаратқа сәйкес, отбасы табиғат аясында демалып, түнеп қалған. Таңертең суға шомылып шыққан екі қыз құрғақ киім ауыстыру үшін жағалауда тұрған көлікке отырған.
Алайда сол сәтте автокөлік күтпеген жерден өздігінен қозғалып, еңіспен төмен қарай сырғып, суға түсіп кеткен. Қыздардың әкесі дереу көмекке ұмтылып, көліктің есігін ашып, терезесін сындыруға әрекет жасаған. Бірақ көлік суға толық батып үлгергендіктен, балаларды аман алып қалу мүмкін болмаған.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр. Құқық қорғау органдары автокөліктің не себепті өздігінен қозғалғанын тексеруде. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті құқықтық баға берілмек.