Air Astana әуе компаниясы Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ) жоспарланған бірқатар рейстерді тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz, Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Әуе компаниясының хабарлауынша, 12-18 шілде аралығына жоспарланған рейстердің жолаушылары билет құнын толық қайтарып ала алады немесе оны 31 шілдеге дейінгі кез келген рейске қосымша ақысыз ауыстыру мүмкіндігіне ие.
Сондай-ақ компания жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырғанын және шетелде қалған жолаушыларды елге қайтару мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді.
Қазіргі таңда 13 және 14 шілдеге жоспарланған KC897/898 Алматы - Дубай - Алматы рейстері, сондай-ақ 14 шілдедегі KC205/206 Астана - Дубай - Астана рейстері тоқтатылды.
Бұған дейін Air Astana Астанадан Дубайға бағыт алған KC205 рейсі ұшып шыққаннан кейін қайтадан елорда әуежайына оралғанын хабарлаған болатын. Ал 12 шілдеде таңертең Алматыдан Дубайға ұшуы тиіс болған KC897рейсі мүлде орындалмаған.
Әуе компаниясы рейстер кестесіне қатысты кейінгі өзгерістер жөнінде қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.