Дәрігер науқастардан тегін жасалатын ота үшін ақша алып келген

Бүгін, 17:38 / Альфия Адамбек
Фото: freepik

Атырауда дәрігер науқастардан тегін жасалатын ота үшін ақша алып, 8 млн теңге тапқан, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, хирург 2023-2025 жылдар аралығында науқастардан варикозға жасалатын отаның МӘМС аясында тегін жүргізілетіні туралы ақпаратты жасырған. 

Осылайша көрсетілген қызмет үшін төлемді өзінің шотына қабылдап отырған.

Ал «DamuMed» жүйесіне пациенттерге тегін медициналық көмек көрсетілгені туралы мәліметтер енгізілген.

Соның негізінде медициналық ұйымдар қаржыландыру алған.

«Осылайша бір медициналық қызмет үшін төлем екі рет жүргізілген: бір жағынан МӘМС қаражаты есебінен, екінші жағынан пациенттердің өз қаражаты арқылы», - делінген мәлімдемеде.

Күдікті 42 пациенттің 8 млн теңгеден астам қаражатын заңсыз иемденген. 

Ал клиникаларға қор тарапынан 14,8 млн теңгеден астам қаражат аударылған.

Тэгтер:

қылмыс атырау жаза аурухана